Түркістан қаласындағы шағын ауданға газ берілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы «Бекзат» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, 4 ірі нысаннан магистралды газ құбыры тартылған. Облыс орталығындағы тағы 3 нысанның ішкі жүйелері толығымен табиғи газға ауысты. 200-ге жуық абонент табиғи газбен қамтылып, 587 тұтынушыға «КазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан техникалық шарт берілді. Қалған тұрғын үйлерді де газға қосу жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда ауқымды шараның 4 кезеңі толықтай аяқталған. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы желтоқсан айына дейін облыс орталығының тең жартысы, яғни, 20 мың абонентке газ қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде бүгінгі күнге дейін табиғи газға зәру 78 елдімекеннің жартысынан астамына құбыр жүргізілген.

Бекітілген жол картасына сәйкес, 39 елдімекен жыл соңына дейін толықтай көгілдір отынға қосылатын болады. Өткен жылы 54 табиғи газ нысанының құрылысына 19,3 млрд теңге бағытталып, жылдың қорытындысымен 34 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде, 412 елдімекен немесе 1 108, 9 мың халық көгілдір отынға қол жеткізген.



Соңғы жаңалықтар