Түркістан қаласында күш-қуат құрылымдарына жаңа ғимараттар салынып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында облыстың күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жаңа ғимараттар салынып жатыр.

Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан мемелеттік нысандарды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аралап көріп, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда Мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайды. Қазір сыртқы абаттандыру жұмыстары және ішкі құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сәулетті ғимарат жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Өрт сөндіру-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі үшін әкімшілік ғимарат, 4 автокөлік сыятын өрт сөндіру бекетінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жаңа нысан қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Мамыр айында басталған облыстық прокуратура ғимаратының құрылысы келер жылы аяқталмақ. Жеті қабатты ғимараттың бүгінде іргетасы қаланған. Техникалық орынжайлардың бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының құрылыс алаңында да болды. Мұнда қазір бетон қаңқаларын құю, жабын платаларын орнату жұмыстары жүзеге асырылуда. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығының» ғимараты өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласында 470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бірнеше блоктан тұратын нысанның қабырғасы қаланып, уақытша ұстау изоляторы мен спорт аумағы салынуда. Полиция қызметкерлері жаңа ғимаратқа келер жылы көшеді деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар