17:09, 11 Мамыр 2020 | GMT +6
Түркістан қаласы жыл соңына дейін газбен толық қамтылады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласын газдандыру бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізіліп, бүгінде 42 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған. Облыс орталығындағы Отырар мөлтекауданы мен ХҚТУ тұрғын үй массиві аумағында газға қосылған үйлердің саны 130-ға жетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыс аталған мөлтекауданды толығымен газдандырғанға дейін жалғасады.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге қаланың 26% табиғи газбен қамтылған. Халықты көгілдір отынмен қамту жұмыстары «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы және 11 кезеңмен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, көне шаһардағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлерді газдандырудың 4-ші кезеңінің құрылысы өткен жылы аяқталған болатын.
Нәтижесінде қала тұрғындарының 41% табиғи газбен қамтылған. Қаланы толығымен газдандыру шаралары жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.