Түркістан әуежайынан орындалатын халықаралық рейстер саны артады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 3 мамырдан бастап Turkish Airlines әуе компаниясы түркі әлемінің рухани астанасы - Түркістан қаласынан Ыстанбұлға тұрақты жолаушылар рейсін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, түрік әуе компаниясы Түркістан мен Ыстанбұл қалалары арасында Б-737 әуе кемесімен аптасына 3 тұрақты рейс орындайды (сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері).

Бұдан басқа, 17 мамырдан бастап отандық лоукост тасымалдаушы Fly Arystan компаниясы Түркістан мен Ыстанбұл арасында жасалатын рейс санын аптасына 7-ге дейін (күн сайын) ұлғайтпақ.

Осылайша, биыл мамыр айынан бастап екі қала арасында аптасына 10 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.

Сонымен қатар, Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан), Ташкентке (Өзбекстан) және басқа бағыттарға жаңа рейстер ашу жоспарда бар.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.


Соңғы жаңалықтар