«Түркістан» ӘКК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік меморандумға қол қойды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Түркістан» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілдерінің және Қоғам қызметкерлерінің қатысуымен кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, даму әлеуеті және жүзеге асырылып жатқан жобалар талқыланды.

«Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Айгүл Ахмеджанова агенттік басшылығына инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру шеңберінде корпорацияның ашықтық деңгейін арттыру бойынша бастамаларын қолдағаны және іске асыруға қолғабыс еткені үшін алғыс білдірді.

«Жемқорлық – Қазақстанның ғана емес, қазіргі заманның үлкен проблемаларының бірі. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 13 маусымдағы шешімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылып, басым бағыттар айқындалды. Бүгін біз корпорация басшылығы бастамашылық жасаған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға қуаныштымыз. Бұл, компанияның жұмыста жауапкершілігі мен ашықтығын көрсетеді», – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары Ғанижан Асанұлы.

Айта кету керек, қол қойылған меморандум негізінде тараптар агенттік жүзеге асырып жатқан «Protecting business and investments» жобасы аясында ынтымақтастық туралы келісімге келді. Сондай-ақ, корпорация қызметкерлерін оқыту, бизнес жобаларды консультациялық сүйемелдеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бейнероликтері көрсетіліп, «Түркістан» ӘКК» АҚ қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жұмысты жалғастыруға келісті.


Соңғы жаңалықтар