Түркістан әкімі құрылыс жұмыстарын апта сайын қадағалап отыратын болды

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі шаһардағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұған дейін сенбі мен жексенбі күндері жұмыстардың барысын бақылайтынын ескерткен Рашид Аюпов құрылысшыларға жұмыстарды ширатуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысы алдымен «Керуен Сарай» кешені салынатын аумақты аралап, жұмыс кестесіне сәйкестігін тексерді. Құрылыс жұмыстарына 51 техника мен 287 адам жұмылдырылған. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 қабатты 24 үйдің және 12 қабатты 39 үйдің жұмыс барысын қадағалап, жауапты мамандарға жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды. Істі ширатып, сонымен бірге, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар сапалы болуын ескертті.


Б. Саттарханов даңғылы бойындағы жаяу өткіншілер жолдарындағы арықшалар бетін жауып, адамдарға өтуге ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бастысы құрылыс алаңынан шыққан үлкен жүк көліктерінің қала аумағына шығар алдын тазалығына аса мән беруді және көшені ластамауын қатаң назарға алуды жеткізді. Рашид Аюпов мұнан соң қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың барысымен танысты. Олардың нәтижелі жүзеге асырылуын қадағаланды.

Мәселен, «Бірлік» елдімекенінде күніне 800 метрге дейін газ құбырлары қойылып, жұмысты толықтай мамыр айында аяқтау жоспарланған. Жұмысқа тартылған 58 адамның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Шаһар басшысы қазылған жерлердің орнын жауып, ретімен тас төсеу қажеттілігін жүзеге асыру қажеттілігін айтты.


Сонымен қатар, орталық базар маңындағы қоқыстар мен лайға, суға толған арықшаларды үздіксіз тазалап тұру керектігін қатаң ескертті. Су толған құдықтарды да көрген шаһар басшысы «Түркістан-Су» мекемесі басшысына оларды жиі тексеріп, жіті қадағалап тұруын тапсырды.

Барлық құрылысшылар мен сала басшыларына апта сайын жұмыстар легін осылайша қадағалап отыратынын ескертті.


Соңғы жаңалықтар