Түркістан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады. Жиында қала басшысы өзінің қызметке кіріскен күннен бастап танысқан қаланың тыныс-тіршілігі мен құрылыс нысандары туралы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әрбір мөлтек аудан тұрғындарымен кездескен шаһар басшысы олардың ұсыныстары мен өтініштері бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ, қаланы жасыл желекке айналдыру мен көгілдір отынды жеткізу келер 2020 жылы толық аяқталатынын айтты.

«Бүгінде қаламызды абаттандыру, көркейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей шаһарымыз бүгінде 32 секторға бөлініп, оған жауапты аудандар мен басқармалар өздеріне тиесілі орындарды тазалау, әрлеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізіп келеді. Қаламызда «Бір отбасы, бір ағаш» акциясы өткізілуде. Соған барша түркістандықтар өз үлестерін қосулары қажет. Сонымен қатар, Түркістан қаласы дүниежүзілік ұйымға мүше болды. Тарихи шаһардың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Алдағы уақытта қаланың даму жоспары бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылмақ, яғни әлемнің Ыстанбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жетуді жоспарлап отырмыз», – деді қала басшысы.

Кездесуде қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталған қала әкімі қала тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, оларға тұщымды жауаптарын берді.

Жиында тұрғындар қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі. Бұдан соң Р.Аюпов көпқабатты тұрғын үйлердегі жылуға байланысты орын алған апатты жағдайды бақылап, «Жылу» мекемесіне арнайы барып, қазандықтың жұмысымен танысты. Жылу қазандығындағы орын алған кемшіліктерді жою бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар