Түркі кеңесі елдерінің СІМ басшылары Ауғанстандағы жағдайды талқылады

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің Ауғанстандағы ахуал жөніндегі Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қатысушылар өңірлік қауіпсіздік және ауған күн тәртібіндегі іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Өз сөзінде М.Тілеуберді Қазақстанның Ауғанстанға көмек көрсетуде түркі елдерімен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді. «Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге, бірінші кезекте гуманитарлық салада және БҰҰ-ның орталық үйлестіру рөлінде өз үлесін қосуды жалғастыруда», - деді Қазақстан СІМ басшысы. Осыған байланысты ол Қазақстанның БҰҰ құрылымдары арқылы Ауғанстанға көмек көрсетуге БҰҰ тарапынан қолдау тапқанын ерекше атап өтті.

Тараптар терроризмнің таралу, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және босқындар легі тәуекелдерін ескере отырып, жағдайдың одан әрі дамуына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.

Конференция қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, онда тараптар Ауған мәселесін халықаралық гуманитарлық құқықты сақтай отырып саяси реттеудің маңыздылығын және Ауғанстанға бейбітшілікке, ұлттық келісімге, тұрақтылық пен дамуға қол жеткізуге көмектесуге дайын екендігін растады.


Соңғы жаңалықтар