+7 (701) 759 90 19
USD 430.69 EUR 518.42
RUB 5.66 CNY 66.17
Jańalyqtar

Түркі академиясы Анкарада Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты

2021 жылғы 22 ақпан 23:20
Бөлісіңіз:
Түркі академиясы Анкарада Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты

АНКАРА. ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясы Анкарада ашылған «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Тарихи маңызы зор ескерткіштің ресми ашылу салтанатына Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп және Парламент Мәжілісінің депутаттары, Анкара қаласының губернаторы, халықаралық ұйымдардың басшылары, елшілер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Түркия астанасының орталық ауданында орналасқан саябақ аумағына Моңғолиядағы Орхон өзенінің бойындағы VIII ғасырға жататын Тоныкөк жазба ескерткішінің Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген дәлме-дәл көшірмесі қойылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп Тоныкөк ескерткішінің ашылуы Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдететініне сенім білдірді.

«Халықаралық Түркі академиясы мен Алтындағ муниципалитеті Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойын ерекше атап өтіп отыр. Ғалымдарымыз осынау тарихи мұраны түсінуге зор үлес қосқанын жоғары бағалаймын. Ұлтымыздың ежелгі тарихы мен атажұртымыз арасындағы сабақтастықты нығайтуға ескерткіш зор үлес қосады деп үміттенемін. Тарихымыз бен мәдениетімізге құрмет ретінде Түркияның орталығында Тоныкөк ескерткішінің орналасуы ұлттық мұратымыздың жүзеге асқанының көрінісі. Былтыр басталған бағдарламамызды биыл да жалғастыра береміз.

Былтыр Түркия Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында тойлауға өтініш берген болатын. ЮНЕСКО да бұл ұсынысымызды қабылдады. Осыған байланысты мерекелік шаралар бағдарламасы бекітілді. Орталық саябақта ашылып отырған ескерткіш VIII ғасырда Азиядағы Орхон өзенінің аңғарында орнатылған Білге Тоныкөк жазуының дәлме-дәл көшірмесі. Осынау іс-шараның басы-қасында жүріп, елімізге осынау мәдениеттің бір бөлігін жеткізгендерге үлкен алғыс айтамын», деді М.Шентоп.

Осылайша, Халықаралық Түркі академиясы мен Алтындағ ауданының мэриясы «Түрік тілі жылына» және ЮНЕСКО аясында атап өтілген Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойына арналған маңызды шараға ұйытқы болды.


Алтындағ ауданының мэрі Асым Балжы өз сөзінде түркі әлемінің мәдениетіне үлес қосқанын өзіне абырой санайтынын жеткізді. Сондай-ақ ЮНЕСКО 2020 жылды «Білге Тоныкөк жылы» деп жариялағанын еске салып өтті.

«Пандемияға байланысты бірқатар жоспарымыз жүзеге асқан жоқ. Алайда Тоныкөкке құрметіміз аяқталмақ емес. Халықаралық Түркі академиясымен бірге үлкен жұмыс атқардық. Бұл жобаға Алтындағ ауданының үлес қосқаны біз үшін үлкен абырой», деп ағынан жарылды.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі іс-шараның маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Тоныкөк ескерткішінің Анкарада ашылуы түркі әлемінің руханиятын нығайтуға қосылған салмақты үлес болмақ.

«Өткен жыл Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойына орай Түркі әлемінің ортақ ұйымы Халықаралық түркі академиясының бастамасымен «Білге Тоныкөк жылы» деп жарияланған болатын. Тоныкөк жылы аясында ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып ұйымдастырған көптеген іс-шара енді. Осы баянды бастама «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағының» ашылуымен мағыналы жалғасын тапты деуге болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің тарихымыз ұлы тұлғалар арқылы өрілетінін айтқан болатын. Сондай тұлғаның бірі Білге Тоныкөк бабамыздың ескерткіші ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Анкарада орнауының да өзіндік мән-мағынасы зор деп есептеймін.

«Күндіз отырмадым,

Түнде ұйықтамадым,

Қара терімді ағыздым,

Қызыл қанымды жүгірттім Түрік халқы үшін» деп жазған Білге Тоныкөк біздің тілімізді өткеннен болашаққа жеткізу үшін мәңгілік ел идеясын мәңгі тастарға қашап қалдырған. Осы мәңгілік мұрамызға құрмет білдіріп, оның дәлме-дәл көшірмесін Анкара қаласында орнатуға қолдау көрсеткен баршаға алғыс білдіремін», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT