Туризм комитеті Алакөл бағытындағы билет тапшылығына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Алакөл бағытындағы билеттерді алып-сату белең алғаны туралы шағымдарға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де ондай мәселе бар. Әсіресе қазір Алакөл бағытындағы билеттерді алып-сату белең алғаны қызу талқыланып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бізге берген деректері бойынша, кейінгі екі жылда билет сату жүйесі өзгеріске ұшырағаны сонша, алыпсатарлардың билет алу мүмкіндігі жойылған. Яғни, әр сатып алынған билетке жолаушының аты-жөні, әкесінің аты нақты жазылады. Егер кімде-кім билетті өз атына ауыстырғысы келсе, ол билет автоматты түрде күту парағына түседі. Ол жерден оны кез келген билет күтуші сатып ала алады», - деді Дастан Рыспеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиингіде.

Оның айтуынша, қазақстандықтар Алакөл бағытындағы билеттерді сатылымға шыққан бойда таласа-тармасып алатын болған.

Осының салдарынан нақты алыпсатарларды анықтау қиынға соғып отырған көрінеді.

«Иә, алыпсатарлардың әлі бар екені айтылады. Бірақ, өкінішке қарай, ешкім оларды атап көрсетіп жатқан жоқ. Алакөл бағытындағы билеттерге сұраныс қазір өте жоғары. Тіпті түнгі сағат 4.00-де немесе таңғы 6.00-да сатып алып атыр. Сондықтан бұл жерде кімнің алыпсатар, кімнің нақты жолаушы екенін анықтау қиын. Егер қандай да бір нақты фактілерді көргендер болса, тиісті құзырлы органдарға хабарлау керек», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар