Туристік орындардағы дәретхана мәселесі жеке бизнеспен бірлесіп шешіледі – министрлік

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Туристік орындардағы дәретхана мәселесін жеке бизнесті тарту арқылы шешу керек. Бұл пікірді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл 1 қаңтардан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қолданысқа енгізілді. Оларды жетілдіру мақсатында біз Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар өңірлердің назарын дәретханалардың жағдайына аударғым келеді. Аталған мәселені жеке бизнесті тарту арқылы шешкен дұрыс», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, қазақстандық туристік операторлар әр кездесу сайын дәретхана жетіспеушілігі мәселесін көтереді.

«Әкімдіктер дәретхана салады. Бірақ мұнда бір мәселе бар, мысалы Қайыңдыда туристер көптеп келетін тамаша орын бар. Дәретханалар салынған, бірақ олар жұмыс істемейді. Өйткені, дәретханаларды толық жабдықтау жүйесіне қосу, су тарту өте қымбат. Енді біз әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп, осы инфрақұрылымды жоғары көтермей-ақ, басқа да амалдарын іздеп жатырмыз», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар