Туристерге арналған eQonaq жүйесі қалай жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында таныстырылымы өткен eQonaq ақпараттық жүйесінің қалай жұмыс істейтіні түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелдік туристердің елімізде қанша уақыт болғанын білу үшін олардың қай жерде тоқтағаны туралы мәлімет керек болады. Оның үстіне қонақ үйлер келушілерге қатысты өзіндік есеп жүргізеді. Ендігі міндет сол келушілер туралы мәліметтерді талдап, eQonaq жүйесіне енгізу. Біз үшін сырттан келетін туристердің саны ғана емес, оларға көрсетілетін қызметтің сапасы да маңызды. Одан бөлек, турист қай жерді таңдады, қанша күн болды және Қазақстанда демалу көңілінен шықты ма деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Өздеріңіз білетіндей өткен жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы шетелдік туристерді тіркеу міндетін жойды. Ендігі оларға қатысты мәліметтерді туристердің тоқтаған жерінен білуге болады», - деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.

Одан бөлек, басқарма төрағасы аталған ақпараттық жүйенің еліміздің қай өңірлерінде іске қосылғаны туралы айтып берді.

«Туристерге арналған eQonaq ақпараттық жүйесі өткен жылдан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен қатар СҚО, Ақмола облыстарында пилоттық режімде іске қосылды. Атап айтқанда, қонақ үй, демалыс үйі, хостел және басқа да туристер тоқтайтын орындарда жұмыс істеп тұрды. Пилоттық режім барысында 383 демалыс орны бойынша, барлық саны 21 985 турист тіркелді» , - дейді ол.

Оның айтуынша, аталған жаңа жүйе осы маусым айында Алакөл, Балқаш, Атырау және Ақтау қаласындағы қонақ үйлерде іске қосылады.

Ал жыл соңына дейін еліміз бойынша 600-ден астам қонақ үйді қамтымақ.

Бұған дейін Қазақстанда алғаш рет туристерге арналған eQonaq ақпараттық жүйесінің іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар