Туристерді тарту үшін Алматы имиджін танымал ету қажет - әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының туристік әлеуетін жарнамалауға қаржы бөлінеді. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматы қаласы туристерді тартатын орталық болғандықтан, бюджет қаражатын осы салаға, оның ішінде шетелде ілгерілетуге жұмсайды.

Бұл - тек шығын ғана емес, ең алдымен туристік ағынды ұлғайтуға инвестиция тартуға ықпал етеді.

Оның айтуынша, әлемнің ең ірі қалаларында – Доха, Инчхон, Мәскеу, Абу-Даби, Дубаи және Гонконг әуежайында имидждік бейнероликтерді көрсету үшін 143 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ, Мәскеу, Ташкент және Баку метрополитендерінде 114 млн теңгеге тақырыптық жарнама орналастырылды.

«Жарнама жарияланған елдерде қызығушылық айтарлықтай өсті. Ол 8 миллионға жуық адамды қамтыды. КРМG1 зерттеу нәтижелері бойынша Алматыдағы әрбір турист кем дегенде 100 доллар жұмсайды, қыста бұл сома қысқы тау спортының танымал болуына байланысты әлі де ұлғаюы мүмкін. Тиісінше, бұл - қалаға және оның экономикасына инвестиция»,- дейді ол.

Сонымен қатар, ол осы жылы Алматы туралы имидждік бейнероликтерді жасауға және ілгерілетуге 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінгенін растады.

«Оларды Eurosport 1/2, Discovery, Animal Planet Travel Channel, EMEA, Russia, Asia сияқты халықаралық телеарналарда көрсету жоспарланған болатын. Бірақ карантинге және Еуропа елдерімен рейстердің жабылуына байланысты бейнероликтердің жарнамасы тоқтатылды. Бұл қаржы бюджетке қайтарылды»,- дейді Алматы әкімінің орынбасары.

Биыл Алматы мен облыстың туристік әлеуетін көрсету үшін шетелден 33 блогер шақырылды, өйткені әлеуметтік желілер - бүгінде ең тиімді жарнама алаңдарының бірі.

Сондай-ақ, Ілияс Өсеров 2021 жылға мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар