Түрік компаниясы Жамбыл облысында сода өндіру зауытын салады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түрік компаниясы Жамбыл облысында экспортқа бағытталған кальцийлендірілген сода өндіру зауытын салады. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Yildirim Holding компаниялар тобының президенті және бас директоры Роберт Юксель Йылдырыммен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Компания басшысы Премьер-Министрге компанияның Қазақстандағы қызметі мен жаңа жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта Yildirim Holding Ақтөбе облысында хром кенін және концентратын өндіру бойынша табысты жұмыс істеп келеді, сондай-ақ «Қазгеология» АҚ-мен бірлесіп, шикізат базасын толықтыру аясында Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында геологиялық барлау жүргізіп жатыр.

Р.Ю. Йылдырымның айтуынша, 2013 жылдан бастап холдинг Қазақстан экономикасына 500 млн доллардан астам инвестиция құйған.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі Yildirim Holding компаниясының Қазақстандағы ең ірі түрік инвесторларының үштігіне кіретінін ескере отырып, біздің елге инвестицияларды кеңейтуді құптайтынын жеткізді.

Премьер-Министр холдинг бастамашылық етіп отырған – Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытын салу жобасының маңызды екенін атап өтті. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан өнім импортынан экспортқа көшуі тиіс.

«Бұл жоба Қазақстан-Түркия инвестициялық ынтымақтастығы тарихында серпінді болатыны сөзсіз. Мемлекет қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Осыған байланысты 2025 жылға дейін зауытты іске қосу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының белсенді кезеңі басталады деп отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Роберт Юксель Йылдырым қазақстандық әріптестеріне жобаларды жүзеге асыруда көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, Yildirim Holding-тің біздің елмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар