Тұрғын үйлерде балалардың қауіпсіздігіне қатысты қандай талаптар қойылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр тұрғын үйлерде балалардың қауіпсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс талаптарын сақтау бойынша бақылауды күшейтуге қатысты тоқталсақ, 2018 жылғы ақпанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі балалар, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сондай-ақ тұрғын үйлерде балалардың терезеден құлауының қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған «Терезе блоктары. Жалпы техникалық шарттар» МЕМСТ 23166-99 мемлекетаралық стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл МЕМСТ-тың негізгі талаптарының бірі - терезе блоктарын қауіпсіздік құлыптарымен міндетті түрде жабдықтау. Сондай-ақ, 2019 жылы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Министрлік балалардың ғимараттардың терезелерінен құлап кету жағдайларын болдырмау мақсатында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау әрі құрылыс кезінде терезе блоктарын міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықтау бөлігінде мемлекеттік нормативтердің талаптарын күшейтті», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының депутаттар сауалына берген жауабында .

Оның айтуынша, осыған байланысты қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үйлерді жобалау және салу балалардың терезеден кездейсоқ құлап кетуінен сақтайтын құрылыс нормалары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

«Бұдан басқа, осы талаптарды сақтауы жобалау-сметалық құжаттаманың кешенді сараптамасы барысында және одан әрі авторлық пен техникалық қадағалаулар тікелей құрылыс алаңында тексеріледі. Сонымен қатар, бүгінгі күні құрылыс талаптарын сақтау бойынша бақылауды күшейту мақсатында құрылыс нормаларын цифрландыру (жобалау кезінде BIM-технологияларды енгізу) және «Е-Құрылыс» бірыңғай цифрлық алаңын енгізу сияқты құрылыс саласын цифрландыру элементтері енгізіліп жатыр. Құрылыс нормаларын цифрландыру кейін автоматтандырылған тексеру алгоритмдерін жасау мақсатында қағаздағы нормативтік талаптарды цифрлық форматқа көшіру жөніндегі жұмыстарды орындауды көздейді, бұл адами фактордан туындаған қателерді уақтылы анықтау проблемасын шешуге мүмкіндік береді», - деді Р. Скляр.

«Е-Құрылыс» жүйесі құрылыс процесінің барлық қатысушыларына арналған және барлық белгіленген нормативтер мен талаптардың сақталуын орталықтандырып қадағалауға мүмкіндік береді. «Е-құрылыс» жүйесінде барлық қажетті рұқсат беру құжаттары мен жобалау-сметалық құжаттама көрсетілетін, ал барлық қатысушылар атқарушылық-техникалық құжаттаманы тікелей жүйеде толтырып, жүргізетін болады.

«Тұтастай алғанда, сапасыз құрылыс, құрылыс нормалары мен жобалау құжаттамасының талаптарын бұзу, авторлық қадағалаудың болмауы және сәулет, қала құрылысы әрі құрылыс қызметі саласындағы басқа да заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік мәселелері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 20-тарауында (312-323-1-баптар.) және ҚР Қылмыстық кодексінің 277-280-баптарында регламенттелген. Тұрғын үйлерде қауіпсіз құлыптарды орнатуға қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілік «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 313-бабының нормасы қолданылады, онда лауазымды адамдарға – қырық, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген», - дейді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев балалардың көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетуіне қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады .


Соңғы жаңалықтар