Тұрғын үй жалдау субсидиясына өтініш қалай қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» акционерлік қоғамы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай тұрғын үй жалдау субсидиясын алу туралы өтініш қалай рәсімделетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хабар» телеарнасындағы «Бүгін» бағдарламасында «Отбасы банк» өкілі қазіргі меже бойынша баспана жалдау шығынын субсидиялау туралы өтініштер мамыр айында қабылдана бастауы мүмкін екенін айтты.

«Қазақстан бойынша 70 мың адам тұрғын үй жалдау субсидиясына қол жеткізе алады деп жатырмыз ғой. Осы 70 мың адамның бәріне «Отбасы банк» офистеріне келудің қажет жоқ. Бұл жұмыстың бәрін онлайн форматта. Үйден шықпай отырып беруге мүмкіндік бар», - деді ол.

Айтуынша, аталған қадамдардың бәрін реттейтін ереже әлі бекітілмеген. Бірақ жасалып жатқан нұсқасында осылай айтылған.

«Біріншіден, осы бағдарламаға қатысу туралы өтінім береді. Екіншіден, өзінің жеке басының дербес ақпаратын «Отбасы банк» тарапынан өңдеуге рұқсат береді. Үшіншіден, өзінің зейнетақы қорындағы қаражатына банк атынан сұраныс жасауға рұқсат береді. Несие алған кезде де сондай процедурадан өтеді. Осы рұқсаттарды бергеннен кейін «Отбасы банк» 6 министрліктің 16 дерекқорындағы мәліметтерді зерделеп, 10 күннің ішінде өтінішке жауап береді. Қазір интеграция процесі пысықталып жатыр. Бұл жұмыстардың бәрі тек онлайн форматта жүреді», - деді Жансұлтан Матай.

Айта кетейік, жаңа тұрғын үй саясатының аясында елімізде 70 мыңнан астам адамның тұрғын үй жалдау шығынын мемлекет жартылай субсидияламақшы.


Соңғы жаңалықтар