Тұрғын үй жалдау субсидиясы бойынша 25 мыңнан астам өтінім қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында тұрғын үй жалдау субсидиясына бюджеттен қаржы бөлу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұрса, оның 222 мыңы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Оның 70 мыңы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адам, 51 мыңы көпбалалы отбасылар, 2 мыңы жетім балалар, 10 мыңы 1 және 2 топтағы мүгедектер және 7 мыңы мүгедек баласы бар отбасылар»,- деді ведомство басшысы.

Оның айтуына қарағанда, «Отбасы банк» базасында цифрлық платформа іске қосылған. Сол платформа арқылы 25 мыңнан астам өтінім қабылданып, оның 6 мыңға жуығы мақұлданған.

«Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни, 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылса, қалған 50%-ын жалға алушы өз бетінше төлейді. 50% субсидияның 80%-ын республикалық бюджеттен, 20%-ын жергілікті бюджеттен жабу көзделіп отыр. Республикалық бюджетте 40 млрд теңге мөлшерінде қажетті қаржыландыру көлемі көзделген және бүгінгі күні «Отбасы банкке» қаржыландыру жоспарына сәйкес 3 млрд теңге аударылды.Өңірлердің мәслихаттары қажетті 10 млрд теңгенің жергілікті бюджет шығыстары есебінен 3,7 млрд теңгені бекітті. Дегенмен, Батыс Қазақстан облысы бойынша осы күнге дейін жеткізілген лимитке сәйкес тұрғын үй төлемдері үшін жергілікті бюджеттен қаржыландыру қарастырылмаған», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-Министр арендалық тұрғын үйді сатып алудағы заңнама қайшылығын шешуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар