Тұрғын үй саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда тұрғын үй саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау жұмыстары басталып кетті. Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов үкімет мүшелеріне осы бағытқа арналған бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы тұрғын үй саласындағы тәсілдерді топтастырып, бір ретке келтіру үшін Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау жұмыстары басталып кетті. Жаңа тәсілдердің және механизмдердің маңыздылығы мен әлеуметтік бағытын ескере отырып, олардың барлығын тиімді, уақтылы әрі сапалы іске асыру қажет», - деді Үкімет башысы.

Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама аясында мынадай бағыттарда жұмыстар атқарылуы керек.

«Бірінші. Индустрия министрлігі тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер бойынша заң жобасының барлық ережелерін Парламент палаталарымен сапалы әрі жедел пысықтауды қамтамасыз етсін.

Екінші. Индустрия министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар қажетті дерекқорлармен толыққанды интеграциялап, тұрғын үй саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді іске қосу жұмыстарын аяқтасын.

Үшінші. Баспанаға мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Сондықтан, Индустрия министрлігі мен барлық өңір әкімдері тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымның жоспарланған көлемін уақытылы іске қосу үшін түбегейлі шаралар қабылдауы керек», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кету керек, Үкімет отырысында «7-20-25» бағдарламасының орнына жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосу ұсынылған болатын.


Соңғы жаңалықтар