Тұңғыш Президенттен үш рет бата алғанмын – Берік Уап

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тұңғыш Президенттен бата алған атыраулық жас мұнайшы – Берік Уап. Оның есімі көпшілікке 2000 жылғы шілдеден бері жақсы таныс. Сол кезде ол 7 жаста болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл – Каспий теңізінің төріндегі алғашқы әрі ең ірі кеніш – «Қашағаннан» «қара алтын» табылып, еліміздің экономикалық әлеуеті әлемге тағы бір рет кеңінен танылған кез. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шіліңгір шілденің басында Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, Каспий теңізіндегі «Қашағаннан» тұңғыш мұнайын көру үшін кен орнындағы «Сұңқар» бұрғылау қондырғысына барды. Сол бір тарихи сәтке тәуелсіз қазақ елінің мұнай-газ өнеркәсібін дамытушылардың бастауындағы танымал тұлға, «Қазақойл» ұлттық компаниясының президенті Нұрлан Балғымбаев пен облыстың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге еркін елдің ертеңіне сенімі зор жеті жасар Берік Уап та куә болған.

«Мен үшін бәрі аяқ астынан басталды. Ойын баласымын ғой, бүгін соның бәрін ой елегінен өткізсем, көрген түсім секілді. 1994 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасына атсалысқан әкем Сәрсенбай Жағипашов «Қашағанға» жұмысына кетіп бара жататын. Біз оның жұмыстан келуін асыға күтіп жүреміз. Әкемнің мамандығы – геодезист-картограф. Бір күні мені өзімен бірге Атыраудағы әуежайға алып барды. Сол жерде Нұрлан Балғымбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев және Иманғали Тасмағамбетов ағаларыммен әңгімелестім. Олар менің бетімнен сүйіп, өздерінің ұлдарындай еркелете сөйлесті», - деп еске алды тарихи оқиғаға айналған сол сәтті Берік Уап.

Берік Уаптың айтуынша, 4 шілдеде компанияның мамандармен бірге Берік Уап «Қашағанға» тікұшақпен ұшып барған. Көп ұзамай кен орнына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген. Компания мамандары «Қашаған» кеніші туралы техникалық мәліметтерді таныстыра бастаған. Елбасы шетелдік, отандық мұнайшылар арасында тұрған кішкентай Берікті көріп, бірден қасына шақырыпты. Аты-жөнін, болашақта қандай мамандық иесі болатынын сұрапты.

«Тұңғыш Президент арнайы ыдысқа құйылған мұнайды «Қазақстанның болашағы үшін!» деп бірінші менің бетіме жақты. Сол жерде маған «Тәуелсіз еліңнің болашағына адал қызмет ететін абыройлы азамат бол!» деп батасын берді. Сонан соң «Сұңқармен» танысу кезінде мені қолымнан ұстап, өзімен бірге жетелеп жүрді. Бала болсам да Нұрсұлтан Әбішұлының алақанының ыстық табы бойыма ерекше бір күш бергенін сездім. Құдды мені өз әкем қолымнан жетелеп жүргендей болды», - деп толғанды жас мұнайшы.

Осынау тарихи сәттен соң Берік Уаптың тағдыры «Қашағанмен» біте қайнасты деуге болады. Бұған Елбасының «Қашағанда» берген батасы да, геодезист-картограф мамандығын меңгерген әкесі Сәрсенбай мен жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан анасы Нұрияның тәрбиесі де әсер еткен. Соның әсері болар, ол мектеп кезінен болашағын «Қашағанмен» байланыстыруды ұйғарды. Сөйтіп, 2010 жылы Атыраудағы қазақ-түрік лицейін «Үздік аттестатпен» бітіріп, бірден шетелде білім алу үшін Ұлыбританияға аттанған. Сол елдегі Манчестер университетінде төрт жыл «Мұнай-газ ісі» бойынша толыққанды білім алды. Кейін бір жыл Шотландияның астанасы – Эдинбургтегі университеттің магистратурасында оқыды.

«Шетелде білім алғанда тағдырыма оң әсер еткен «Қашаған» кенішін ұдайы есінен шығармадым. Нұрсұлтан Әбішұлының батасы да жадымда жүрді. Жоғары білім алып, елге ораламын деп өзіме серт те беріп қойдым. Өйткені, «Қашаған» кеніші тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін ашылды. Осы мақсат үшін Елбасы бастап, мұнай-газ өнеркәсібінің танымал тұлғалары еңбек сіңірді. Бәрінің көздегені бір ғана ізгі мақсат – Қазақстанның экономикасын өркендету. Бұл мақсатты іске асыруға мен де үлесімді қосуым қажет деп ойладым», - дейді Берік Уап.

Берік Уап 2015 жылы Атырауға оралған. Содан бері «Қашаған» жобасының операторы – NCOC компаниясында инженер болып жұмыс істейді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы «Қашаған» жобасына байланысты кездесулерден мені қалдырған емес. 2013 жылы Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэморонмен бірге «Қашаған» жобасының таныстырылымына келгенде мені жанына шақырып алды. Қал-жағдайымды, оқуымның барысын сұрады. «Біліміңді жетілдіре бер, осы жобада жұмыс істейтін мықты маман болуың қажет» деп тағы да батасын берді. Ал, 2016 жылғы желтоқсанда Атырауға келген сапарында «2000 жылы «Қашағанның» алғашқы мұнайын «Бұл елеулі оқиға болады» деп, жеті жастағы жас баланың бетіне жағып едім. Қазір сол бала шетелде біліп алып, мұнай саласында жұмыс істейді. Сол кезде де саған бата беріп едім, қазір де батамды беремін» деді. Мен осылайша, Тұңғыш Президенттен үш рет бата алдым. Тәуелсіздіктің елең-алаңында елімізді аяқтан тұрғызу үшін аянбай еңбек еткен Нұрсұлтан Әбішұлының үш батасын маған жүктелген үлкен сенім деп ұғындым», - дейді өзінің болашағына ақжолтай болған жобаға жұмысқа орналасқан жас мұнайшы.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінен үш рет бата алған еркін елдің перзенті көп емес. Бірі де бірегейі болған Берік Уаптың күн сайын ертелетіп жұмысына барар алдында жаңылмайтын бір дағдысы бар. Бұл – 2000 жылы Елбасының атынан сыйға берілген компьютердің алдына бес минут отыру.

«Президент сыйлығы – мен үшін тарихи жәдігер. Елбасының сыйлығы ретінде оны көздің қарашығындай сақтап жүрмін. Өйткені, оны мектепте оқып жүргенде көп пайдаландым. Шотландияда мұнайшы мамандығына оқыған інім Аухат та осы компьютерді қолданып еді», - деген Беріктің елдің келешегіне сенімі мол.

Халқымызда «Баталы ұл арымас» деген нақыл бар. Өйткені, дуалы ауызды адамның батасы қабыл болады. Соның дәлеліндей, бұдан 21 жыл бұрын Президенттің батасын «Қашағанның» төрінде алған қаршадай бала енді бәсекеге қабілетті жас маман ретінде халықаралық жобаның ел игілігіне жаратылуына үлесін қосып жүр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау музейінде қос мереке қарсаңында экспозициялық залдар ашылған болатын.


Соңғы жаңалықтар