Тұңғыш онлайн санақ: Алғашқы екі апта қалай өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпыұлттық санақтың онлайн кезеңі басталғанына 2 апта уақыт болды. Осы кезеңде 3 миллионнан астам санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап берген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникацилар қызметінде өткен брифингіде Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов онлайн санақтың алғашқы екі аптасын қорытындылаған болатын. Брифинг барысында ол БАҚ өкілдерінің саулына жауап бере отырып, санақ сұрақтарының көпшілік үшін түсініксіз болып жатқан тұстарына тоқталды.

Сонымен алғашқы екі аптаның қорытындысы бойынша 3 024 216 респондент онлайн санақтан өткен.

Өңірлер арасында Алматы облысы (313 919 тұрғын) алда тұр. Алматы қаласында онлайн санақтан өткен 278 432 адам тіркелген. Ал үздік үштікті Түркістан өңірі (247 175) түйіндеген. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Атырау (79 881) және Маңғыстау (71 886) облыстары еншілеп тұр.

Үйде интернет болмаса, «санақ бұрышына» жүгініңіз

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, кейбір респонденттер арасында сұрақтарға шатасып жауап бергендер де тіркелген. Тіпті жынысын дұрыс көрсетпегендер бар көрінеді.

«Мысалы, төрт ер адам деректер базасында әйел деп көрсетілгені белгілі болды. Үш әйел ер адамдар ретінде көрсетілген. Бұл адамдарға мәртебесін өзгерту үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну ұсынылды», - деді бюро басшысы.

Санақтың онлайн кезеңі 15 қазанға дейін жалғасады. Үйде онлайн санақтан өтуге мүмкіндігі жоқ кез-келген адам халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында, «Қазпошта» филиалдарында, білім беру мекемелері мен ойын-сауық орталықтарында ашылып жатқан «санақ бұрыштарындағы» компьютерге отырып, науқанға атсалыса алады.

Санақ аяқталғаннан кейін оның қорытындысы жинақталып Ұлттық статистика бюросының сайтында ресми статистика түрінде жарық көреді. Ал ондағы деректермен егжей-тегжейлі танысу мүмкіндігі ғылыми мамандарға ғана берілмек.

«Бір түрлі» сұрақтардың бәрі маңызды

Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе? Осыған дейінгі санақтарда халықтың денсаулығына қатысты сұрақтар осындай форматпен берілсе, бұл жолы барынша нақтыландырылған болатын. Алғашқы екі аптада кейбір желі қолданушылары осыған наразылықтарын білдіріп те үлгерді. Бюро басшысының айтуынша, мұндай «бір түрлі» сұрақтардың бәрі маңызды.

«Халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен өмір сүруінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген, сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер Ұлттық бағдарламалар мен мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктеулер қалыптастыруға мүмкіндік береді»,- деді Нұрболат Айдапкелов.

Неше бала дүниеге әкелдіңіз, оның ішінде тірісі нешеу?

Желі қолданушылары жиі талқылаған сұрақтың тағы бірі осындай болатын.

«Бұл сұрақтарға жауаптар бала тууды бағалауды есептеу және үлкен жастағылардың бала туғызу мен бала туу қабілетінің таусылу деңгейін бағалау бойынша да маңызды ақпарат береді. Бұл нәтижелер бала туудағы өзгеріс тенденциясын бағалауға негіз болады. Халық санағының нәтижесі бойынша туылған балалардың жынысы бойынша саны, туылған кездегі жыныстардың арасалмағы, когорттық бала туу, туу күнтізбесі туралы деректер алынады», - дейді бюро басшысы.

Мемлекетке өз азаматтарының қабырғасы қандай материалдан қаланған үйде тұрып жатқанын білу не үшін қажет? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Нұрболат Айдапкеловке осындай сауал койылды.

«Рас, санақ анкетасында үйдің қабырғасы неден тұрғызылған деген сияқты сұрақтар бар. Жалпы, БҰҰ жариялаған санақ науқанының ресми атауы – «Халық және тұрғын үй қоры санағы». Аталмыш санақтың аясында нақты елді-мекен, аудан, облыстың, жалпы елдің тұрғын үй қорына ары қарай сараптама жүргізу үшін толыққанды ақпарат алу көзделіп отыр», - деп жауап берді Нұрболат Айдапкелов.

Сонымен...

Ұлттық статистика бюросы басшысының айтуынша, жалпыұлттық санақ кезінде интервьюерлердің анкета бойынша қойылған сұрақтарына жауап беруден бас тартқандарға заңнамада норма қарастырылған. Бірақ бұл норма санақ кезінде өзі туралы мәлімет ұсынудан бас тартқан адамдарға қарсы ешқашан қолданылып көрмепті.

Санақ арқылы жиналға дербес деректер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің базасында сақталатыны туралы ақпарат жалған болып шықты.

«Жоқ, санақ деректері біздің серверлерде сақаталады. Бірақ деректердің қауіпсіздігі мен тасымалдануы арнайы органдар қойып отырған талаптардың бәріне сай. Бұл жерде қауіпсіздік тұрғысынан ғана органдар талап қоятынын айтып отырмын», - дейді бюро басшысы.

Азаматтардың халық санағы кезінде берген деректерін қауіпсіз сақтау үшін криптографиялық қорғау құралдары қолданылады.


Соңғы жаңалықтар