Тұмауға қарсы екпе, ПТР-тест, ӨЖЖ-аппараттары – коронавирустың жаңа толқынына дайындық қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдетте елімізде күз айларында ушығып кететін жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға қарсы екпе салдыру қазан айының 1-інде басталатын. Алайда биыл вакцинациялау жұмыстары 15 күнге ерте қолға алынды. Оған қараша мен желтоқсан айларында коронавирус індетінің жаңа толқынының орын алу қаупі себеп болып отыр. Жалпы, 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда елімізде ЖРВИ-мен ауырған 431 120 адам тіркелген. 2.5 мыңнан астам науқас зертханалық анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы - 14 жасқа толмаған балалар. Сондықтан да вирусқа қарсы екпе жұмыстарын ерте бастау орынды екені сөзсіз.

Осыған орай бүгін елордадағы №6 қалалық емханаға арнайы келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ресейлік «Гриппол+» вакцинасын салдырып, оның қауіпсіз екеніне әрі ЖРВИ мен тұмаудың алдын алатынына жұртшылықтың көзін жеткізуге тырысты.

«Жыл сайын тұмауға қарсы вакцина салдыруға тырысамын. Бір жылы вакцинациялау кезеңінде респираторлық аурумен ауырғандықтан екпе алмаған едім. Ал жалпы жыл сайын осы емханаға келіп вакцина аламын, өзімді жақсы сеземін. Вакцинадан кейін ауырғанның өзінде жеңіл өтеді. Әрбір эпидемиологиялық маусым қарсаңында өндірілетін ресейлік «Гриппол+» вакцинасын сатып аламыз. Бұл вакцинаны жылда алып келеміз. Ол осы маусымда Қазақстан аумағында барынша басым болып тұрған вирус штаммдарын қамтиды», - деді екпе алғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген министр.

Сонымен бүгіннен бастап қарашаның 15-іне дейін жалғасатын екпе жасау үшін еліміз ресейлік «гриппол+» вакцинасының шамамен 2,2 млн дозасын сатып алған. Бұл республика тұрғындарының 10 пайыздан астамын вакцинациялауға жеткілікті. Бұған қоса, ұжымдарға ұйымдастырылған жеке кабинеттерді ақылы түрде халыққа екпе жасау үшін 1 миллионға жуық доза екпе сатып алынады. Ақылы екпенің құны еліміздің өңірлеріне байланысты 3,5 мың теңгеден бастап 4-4,5 мың теңгеге дейін болады. Құрамында A (H3N2), А (H1N1) және B штамдарына антигені бар вацина тұмауға қарсы ерекше жоғары иммунитет қалыптастырады. Тұмауға қарсы вакцинация жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Вакцинация созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға; медициналық қызметкерлерге; жүкті әйелдерге (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат); мүгедек ересектер мен созылмалы аурулары бар балаларға және 60 жастан асқан қарт адамдарға салынады.

Айта кетерлігі, коронавирус ушығып тұрған көктем айларында еліміздің ауруханаларында өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспей денсаулық сақтау жүйеміздің мамандарын біраз әбігерге салғаны белгілі. Қайырымды жандардың көмегімен талай аппарат сатып алынып, аурханаларға жеткізілгені де есте. Ал енді қараша мен желтоқсанда коронавирустың екінші толқыны соқса не болмақ? Өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті ме? Бұл сауалдарға жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, шамамен 5 мың өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 3 мыңнан астам Қазақстан ауруханаларына жеткізіліп орнатылған. Таяу бірнеше аптаның ішінде қалғаны жеткізілетін болады. Ауруханаларға табысталған аппараттың 1,5 мыңын отандық өндірушілер шығарған.

«Қазір ахуал тұрақты. Көршілес елдерде, әсіресе Еуропа өңірінде, ТМД елдерінде ауру өсімі байқалады. Сондықтан біз үшін осы ахуалды ұстап қалу өте маңызды. Көрсеткіштер жақсы болғанына қарамастан төсек-орын қорын ұлғайтып, дәрі-дәрмек сатып алып жатырмыз. Жеке қорғаныс құралдарымен, маскамен қамтамасыз етеміз. Біз індеттің келесі толқынына дайындалудамыз. Әрине, біз үшін оның болмағаны өте маңызды. Ең басты факті – әлеуметтік арақашықтық пен маска. Аурудың 30 пайызы маска тағуға және 40 пайызы әлеуметтік арақашықтықты сақтауға байланысты екенін бірнеше мәрте айттық. Осыны ұстануға шақырамыз. Індет толқынының болуына не болмауына біз өзіміз ықпал етеміз. Біздің әрқайсымыз осынау ахуалға ықпал ете аламыз. Қазір денсаулық сақтау жүйесіне келесі толқынға дайындық пен алдын алу-түсіндіру жұмыстары ғана байланысты. Ал қалғаны біздің әрқайсымызға, жиі қарым-қатынаста болуымызға, маска тағуымызға байланысты екені анық», - деді Алексей Цой.

Аталған емханаға министрмен бірге келген еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова да БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере келе 20 қыркүйектен кейін қатаң карантин шаралары енгізілетініне қатысты қауесетке байланысты пікір білдірді.

«Маусым-шілде айындағы ауруға шалдығуға қарағанда бүгінде елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін айта аламыз. Мемлекеттік органдардың ақпаратын, яғни, ресми ақпараттарды ғана пайдаланыңыздар. Жиын өтіп, талқылаудан кейін қыркүйекте карантин енгізеді деп жүргендерге айтарым, мұндай ресми ақпарат жоқ. Барлығы да эпидемиологиялық ахуалға байланысты», - деді Бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар ол демалыс күндері қолданыста болатын шектеу шараларын алып тастау мәселесінің әзірше қарастырылмайтынын айтады. Жалпы, демалыс күндері еліміздегі шектеу шаралары шынымен де аз. Яғни, бұл күндері адамдар көп жиналатын сауда, ойын-сауық орталықтарының, жабық базарлардың, фитнес-орталықтардың, спа-орталықтардың және сұлулық салондарының жұмысына тыйым салынған. Мұнан бөлек, қала ішінде қоғамдық көліктердің қатынауына да жексенбі күні ғана шектеу қойылады. Бұл күні автобус парктері қоғамдық көліктерде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

«Біздің міндетіміз – эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтау және аурудың одан ары төмендеуіне қол жеткізу», - деді Бас санитар дәрігер.

Айтпақшы, Қазақстан 2020 жылдың қаңтар айының соңында 2500 тестті жасап шығарып, бірден пайдаға жарата бастаған болатын. Тіпті, қазақстандық мамандар айына 50 мың тест жасауға да қауқарлы екені айтылғаны есте. Алайда, коронавирусты анықтауға арналған қазақстандық тест бір орнында тұрып қалғандай. Әлі күнге дейін ресми тіркеуден де өтпеген. Соның салдарынан Үкіметтің резервінен қомақты қаражат бөліп, ПТР-тестіні шетелден алуға мәжбүрміз. Шетелдік 1,2 млн тестіні коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында сатып алып та қойдық. Ал қазақстандық тестің қашан тіркеуден өтері белгісіз.

«Негізінен шетелдік тест жүйесін сатып алып жатырмыз. Қазақстандық тест жүйесі әлі тіркеуден өткен жоқ. Тиісті тіркеу процедурасынан өткеннен кейін оларды сатып алуымыз мүмкін», - деген ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев аталған тест жүйесінің тезірек тіркеуден өтуі үшін министрлік тарапына көмек те көрсетіліп жатқанын айтады.

Қазіргі уақытта елімізде ПТР-зертханалық тестілеу саны артып келе жатыр. Көктемде тәулігіне 25 мың тестілеу жүргізілсе, тамыз айының соңында оның саны 40 мыңға дейін жеткізілген. Осы айда қосымша 20 ПТР аппараты сатып алынды. Ал ветеринарлық зертханалар еліміздің аудандарында ашылды. Енді қазан айында күніне 60 мыңға дейін ПТР-тестілеу өткізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар