Түлкібастық кәсіпкер бекеттердегі қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізіп берді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Түлкібас ауданында жеке кәсіпкер арнайы бекеттерде тұрған қызметкерлердің ыстық тамақпен қамтылуына жағдай жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Ермек Батырбеков есімді іскер азамат «Шақпақ» бекетіндегі тәулігіне 24 сағат қызмет атқарып жүрген ішкі істер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне түскі ас жеткізіп берді.

Түлкібастық кәсіпкер уақытпен санаспай әрі ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс жасап жатқан медицина қызметкерлері мен ішкі істер саласының мамандарына қолдау көрсетті. Игі шараға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрыған «Мейірім» еріктілер тобының жастары атсалысып, тағамдарды таратып берді.


Айта кетейік, бүгінде аталған аудан аумағында екі бекет жұмыс істеуде. Жамбыл облысынан Түлкібас ауданына кіреберістегі «Шақпақ» бекетінде және тоғыз жолдың торабында орын тепкен Түлкібас вокзалында жолаушыларды тексеру шаралары қатаң бақылауға алынған.

Қазіргі таңда күре жолдың бойында ашылған арнайы бекеттерде 14 полиция, 34 медицина қызметкерлері тәулігіне 24 сағат арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізуде.


Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шақпақ бекетінен бүгінге дейін 21 509 жолаушы тексеруден өткен. Ал, Түлкібас ТЖ бекеті арқылы 783 азамат жіберіліп, өңір аумағына кірген. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытты жүйелі түрде жалғасып, Түлкібас ауданы әкімдігінің қатаң бақылауында болмақ.


Соңғы жаңалықтар