Түлкібас пен Бәйдібек аудандарында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өткен аптада барлық аудан, қала әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясы филиалдарына «Қамқорлық» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бүгінде осы тапсырмасы аясында Түлкібас пен Бәйдібек аудандарында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түлкібас ауданының ауылдық округ, кент әкімдері тұрғындармен жеке-жеке жұмыс жүргізу нәтижесінде жағдайы өте төмен 93 отбасының тізімі жасақталды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары әр отбасымен жеке-жеке танысып талап-тілектерінің шешілу жолдарын қарастырды. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен «Феррум Констракшн» ЖШС-ның, «Грамад» гипермаркетінің және «Мәдина» макарон фабрикасының демеушілігімен әзірленген азық-түліктер себетін «Мейірім» еріктілер тобы мұқтаж отбасыларға жеткізуде. Сондай-ақ, бағдарлама аясында еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып жатыр.

Дәл осындай жүйелі жұмыс Бәйдібек ауданында да жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданның барлық ауылдарындағы көмекке мұқтаж жандардың тізімі жасақталды. Мұқтаж отбасы мүшелеріне бүгінде азы-түліктер жеткізіліп, нақты көмек көрсетілуде. Қайырымды іске ауыл әкімдерімен бірге жергілікті кәсіпкерлер мен әр жылғы ауыл мектебінің түлектері және жергілікті тұрғындар атсалысуда.



Соңғы жаңалықтар