Түлкібас ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамуда

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Түлкібас ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға қызығушылық танытқандардың қатары да артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Түлкібас аудандық бөлімшесі арқылы өз жеке кәсібін ашуға және ұлғайтуға ниет білдірген 500-ден астам азаматқа кеңестер берілген. Нәтижесінде 42 үміткерге бизнес жоспар түзуге қолдау көрсетілген. Жалпы сомасы 187 млн 600 мың теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылған. Осындай қолдаудың жемісін көріп, кәсібінің көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлердің бірі Ақбиік ауылдық округінің тұрғыны Ораз Рысқұлбеков.

Өткен жылы «Игілік» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне ол 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қорасын 90 бас қазақы және еділбай қойларымен толықтырған. Бүгінгі таңда ұсақ мал басын екі еселеп, 180 басқа жеткізіп отыр. Алдағы уақытта шаруа ет бағытындағы уақ мал басын көбейтіп, ет күйінде сауда қатарларына өткізуді жоспарлауда. Бүгінде ауданда аудан әкімі Нұрлан Байғұттың тапсырмасымен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жобалық кеңсе» жұмыс істеуде.

Карантиннен зардап шеккен аудан экономикасын қалыпты жағдайға келтірудің бірден-бір тетігі кәсіпкерлік саласын дамыту болса, жобалық кеңсенің негізгі жұмыс бағыты - кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер арқылы қолдауды күшейту мен бағыт-бағдар беру болуда.


Соңғы жаңалықтар