Түлкібас ауданында 93 отбасы қамқорлыққа алынды

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданында тұрмысы төмен 93 отбасы қамқорлыққа алынды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен аудандық мәслихат хатшысы, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының өкілдері Т.Рысқұлов ауылындағы мұқтаж жанұялардың үйіне барып, олардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі бастаған жұмысшы топ жалдамалы пәтерде тұратын көпбалалы ана Гүлмира Боранбекқызының пәтеріне барып, тілдесті. Олардың мұң-мұқтажына құлақ асқан аудан әкімі алдағы уақытта мемлекет тарапынан жаңа бизнес идеяға қайтарымсыз мемлекеттік грант беріліп жатқанын атап өтті.

Ол тігінші мамандығын меңгерген Гүлмира Боранбекқызына өз жеке кәсібін дөңгелетуге бар мүмкіндік жасалатынын жеткізді.

Содан соң аудан әкімі аудан орталығында тұратын Толқынай Қожаниязованың отбасына арнайы барып, тұрмыстық жағдайын өз көзімен көріп шықты. Жалдамалы пәтерде тұратын отбасы 2005 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Отағасы 2005 жылы өмірден өткен. Өмірдің қиын сәттерін басынан өткеріп жүрген жалғызбасты анамен сұхбат құрған аудан басшысы қазіргі тұрып жатқан үйіне демеушілер есебінен газ кіргізіп беретінін айтып, алдағы уақытта отбасының күнделікті қал-жағдайын бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Осы уақытқа дейін 35 отбасының тұрмыстық жағдайын өз көзімен көріп шыққан аудан әкімі тиісті дербес бөлім басшылары мен округ әкімдеріне мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан бағдарламалармен қатар, демеушілер тарапынан көмек ұйымдастыру қажет екенін айтып өтті.

Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында Түлкібас ауданына қарасты барлық ауылдық округ, кенттерде арнайы топ құрылып, аз қамтамасыз етілген 93 отбасы анықталған. Көмекке мұқтаж азаматтар жергілікті әкімдік тарапынан бақылауға алынып, азық-түлік, киім-кешек және өзге де қажетті заттар мен қажеттіліктердің тізімі жасалған. Оларды шешу үшін жоспар түзіліп, кураторлар бекітілген. Тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық көрсетіліп, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік жасалмақ. Еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту жағы да қаралған.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен жалпы тізімдегі отбасыларға «Феррум Констракшн» ЖШС, «Грамад» гипермаркетінің және «Мадина» макарон фабрикасының демеушілігімен әзірленген азық-түлік әр отбасына жеткізілді. Әкімдіктердің айтуынша, демеушілер есебінен жасалатын жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.


Соңғы жаңалықтар