Түлкібас ауданына 7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Түлкібас ауданына тартылған инвестициялар көлемі 7 млрд 743 млн теңгені құраған. Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Байғұт Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

Оның ішінде 2 млрд 584 млн теңге республикалық бюджет есебінен, 1 млрд 520 млн теңге жергілікті бюджет есебінен, ал 3 млрд 618 млн теңге кәсіпорындардан және халықтың өз қаржысы есебінен тартылған.

Ауданда бүгінгі таңда 32 кәсіпорын жұмыс істеуде. Осы кәсіпорындармен 10 млрд 321 млн теңгенің өнімі өндірілген. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша аудан көлеміндегі 16 жұмыс беруші мекемелерімен келісім-шарт түзіліп, 154 азамат жолданған.

«Биыл ауданда жалпы 54 көше толығымен жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Соның ішінде Састөбе және Түлкібас кентіндегі 30 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделген. Ішкі көшелердің қанағаттандырарлық жағдайы 80 пайыздан асып отыр. Сондай-ақ, түнгі жарықтандыруды бірінші кезекте қажет ететін 15-ке жуық көшеге заманауи жарық шамдар орнатылды. «Қамқорлық» жобасына қатысушы 93 отбасыға 215 млн. теңгеден астам қаржыға түрлі көмектер көрсетілді. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 21 отбасы баспанаға қол жеткізген. Соның ішінде 6 отбасыға демеушілір есебінен тұрғын үй берілсе, 15 отбасыға мемлекеттік бағдарламамен пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 9 отбасының тұрғын үйі демеушілер есебінен жөндеуден өтті»,-деді Нұрлан Мархабатұлы

Аймақта мал шаруашылығында ағымдағы жылы 10-15 басқа арналған 76 шағын малбордақылау алаңдары, 5-10 бастық 24 жанұялық сүт фермасы құрылған. Сонымен қатар, Келтемашат ауылдық округінде «Ақбиік Агро» АӨК сыйымдылығы 600 бас түйетауық өсіретін ферма ашылып, жұмыс жүргізуде. Алма бағы шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму концепциясына сәйкес, қосымша алма бау көлемін 760 гектарға ұлғайтып, барлығы 3355 гектар аумаққа жеткен. Ағымдағы жылы ауданда 30 300 тонна жеміс-жидек жиналды.

Ал, туризм саласын жандандыру бағыты да басты назарда. Ауданда 33 туристік нысан жұмыс жасайды. Ауданның даму бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы ауданға жалпы 19 500 турист келеді деп жоспарланса, бүгінгі таңда 2017 турист келген. Дүние жүзін алаңдатқан COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою мақсатында, орын алып жатқан карантиндік шектеулерге байланысты жоспар 40 пайызға орындалады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар