Төтенше жағдай режимін бұзғандар қандай жазаға тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады. Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-тің 478-бабы) – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады», - делінген Бас прокуратураның әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық нормативтерді бұзу (ӘҚБтК-тің 425-бабы) қызметін тоқтата тұрумен 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл, ал бақылау органдарының талаптарын орындамау (ӘҚБтК-тің 462-бабы) қызметін тоқтата тұрумен қоса 500-АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Осыған тектес құқық бұзушылық салдарынан абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына немесе адамның өліміне әкеп соққан жағдайда, он жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады (ҚК 304-бабы).

Жалпы, төтенше жағдай кезінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық кодекспен одан да қатаң жазалар көзделген. Төтенше жағдай жарияланған жерде жасалған қылмыстар үшін негізгі қылмыстық-құқықтық шаралар Қылмыстық кодекстің 14 бабында жазылған.

Олардың қатарында көрінеу жалған ақпаратты тарату (ҚК 274-бабы 4 бөлігі бойынша – 3-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкіліне бағынбау (ҚК 379-бабы – 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкiлiне қатысты күш қолдану (ҚК 380-бабы 3 бөлігі бойынша – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық (ҚК 380-1 бабы 2 бөлігі бойынша – мүлкі тәркілеумен 15-ден 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру), ұйымның жұмысына кедергi жасау (ҚК 401-бабы – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру) және бірқатар әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар.

«Осы кезеңде, басқа да әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау, әкімшілік жауаптылық пен қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жайлар болып саналады (ӘҚБтК-тің 57-бабы, ҚК 54-бабы)», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар