Төтенше жағдай кезінде үйді сату-сатып алу келісімдері қалай рәсімделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрлігі елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты тұрғын үйді сату-сатып алу келісімдерін рәсімдеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сату және сатып алу туралы келісімшарттар нотариус арқылы жүзеге асырылады. Нотариуспен қашықтықтан, яғни онлайн-режимде байланысып, сұрақтар туындаса да онлайн-режимде шешіп алып, одан кейін ғана қол қоюға барған дұрыс. Келісім Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеге электронды форматта түседі және бұл қызмет түрінің қорытындысы қызмет алушының электронды поштасына келеді», - дейді ҚР Әділет министрлігі Тіркеу және құқықтық қызметтерді ұйымдастыру департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиева.

Ал ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев нотариустар санитарлық талаптарды сақтап отырғанын мәлім етті.

«Олар өзінің және клиенттерінің қауіпсіздігін сақтау үшін қандай санитарлық шаралар қолдану керектігін біледі. Олар Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен байланысуға, қажетті құжаттарды онлайн-режимде алуға және екі тараптың нақты келісімге келуіне көмектеседі», - дейді ол.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, қазір барлық анықтаманы «ҚР Электрондық үкіметі» порталынан жеке кабинетке кіру арқылы алуға болады.


Соңғы жаңалықтар