Төтенше жағдай кезінде көмекке келген әскерилер өз бөлімдеріне қайтарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанда төтенше жағдай режимі ресми түрде аяқталды. Осыған байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің блокпосттарды күшейту, елді мекендерді дезинфекциялау және патрульдеу бойынша кезекшілікке тартылған жеке құрамы мен әскери техникасы өзінің тұрақты орналасқан пункттеріне қайтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскерилер де әскери-көлік авиациясының күшімен, сондай-ақ өз техникаларымен пункттеріне жеткізіледі.

«Бұл ретте, арнайы жиындарға шақырылған аумақтық қорғаныс әскерлерінің әскери қызметшілері міндеттерін бұрын бекітілген мерзімге және жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес орындауды жалғастырады», делінген хабарламада.

Елде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап әскерилерге режимді қамтамасыз ету және вируспен күресте маңызды міндеттер жүктелді. Әскери қызметшілер аумақтар мен объектілерді өңдеп, блокбекеттерде және патрульдерде қызмет атқарды.


Соңғы жаңалықтар