Төтенше жағдай кезінде 440 мыңнан астам алматылық 42 500 теңге көмек алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн баспасөз конференциясы барысында төтенше жағдай мен карантин кезінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж қалалықтарға қолдау көрсету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің айтуынша, Төтенше жағдай режимі кезінде 440 мыңнан астам алматылық 42 500 теңге көлемінде қаржылық көмек алды. 898 136 өтініш қабылданды, форматты-логикалық бақылауға сәйкес келмегендіктен қалған өтініштер қайтарылды.

«Коммуналдық қызметтерді төлеуге 2,1 млрд теңге бөлінді, олардың 30,4 мыңы мақұлданып, 456 млн теңге төленді. Осы көмекті алу үшін алматылықтардан 198 мың өтініш түсті. Бірінші кезекте әлеуметтік қолдау мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне, оларға теңестірілген отбасыларға, мүгедек баланы тәрбилеп отырғандарға, көпбалалы отбасыларға, ең төмен зейнетақы алатындарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, сонымен қатар АӘК алатын азаматтарға көрсетілді.Осы қиын сәтте қала тұрғындарына қоғамдық қорлар мен Nur Otan партиясы айтарлықтай көмек көрсетті, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылды. «Жаңа Алатау» ҚҚ азық-түлік себеттерін апарып берді. «Birgemiz» қоры 52,1 мың адамға 2,6 млрд теңгенің бір ретік көмегін көрсетті»,– деді Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Әкімдік тарапынан 1,9 млрд теңгеге қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді. Атап айтар болсақ, қарт адамдар мен жалғызбасты зейнеткерлерге ыстық тағамдар берілді. Әлеуметтік жағынан мұқтаж 7 мың адам жалпы сомасы 75 млн теңгеге санитарлық заттармен қамтамасыз етілді, 40 мың адамға 2 млн медициналық маска таратылды.

Онлайн баспасөз конференциясы барысында Б. Сағынтаев салынып жатқан әрі әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға көмек көрсететін орталық туралы да айтып өтті.

«Әлеуметтік қызмет үйі – бұл «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталық және аталған санаттағы адамдарға кең көлемде қызмет көрсететін болады. Жобаны ағымдағы жылдың соңында іске қосу жоспарланған» – деді ол.


Соңғы жаңалықтар