Төтенше жағдай: Қашықтықтан жұмыс істейтіндердің еңбекақысы қалай төленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қашықтықтан жұмыс істейтіндердің еңбекақысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі.

«Қашықтықтан жұмысқа көшкенде, еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысын ай сайынғы алып жүрген көлемде төлейтін болады», - деді Б. Нұрымбетов.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады. Үндеудің толық мәтіні жарияланды.



Соңғы жаңалықтар