Төрегелді Шарманов қымыздың төрт ерекшелігін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Холестерин бар екен деп, қой етінен бас тарту – қателік. Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов коронавирус инфекциясының алдын алу жөнінде кеңес берді. Бұл туралы ҚазАқпарат Ortalyq Qazaqstan сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қой еті – қорғасын» деген сөз бар. Бірақ, холестерин бар екен деп, қой етінен бас тарту – қателік. Әр адамның ағзасында тұтынған тағамның құрамын реттеуші механизм бар және ол үздіксіз жұмыс істейді», - дейді Төрегелді Шарманов.

Оның айтуынша, жылқы етінің кереметі сол, оның сіңімділігі – қой мен сиыр етінен қарағанда 3 есе жылдам.

«Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөз бар. Міне, әр еттің ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады», - дейді ол.

Оның айтуынша, науқас адамның асқа тәбеті болмауы мүмкін.

«Ондай жағдайда, құрт қосылған сорпаны өзін-өзі қинаса да, ішуге тура келеді. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін барынша құнарлы тағам тұтыну қажет. Ол – жылқы еті, ол – қой еті, ол – балық еті, ол – көкөніс. Қымыз бен құрт қосылған сорпаны қайталап айтамын. Әсіресе, қымыз – С дәруменіне өте бай сусын. Ал, жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Қойдың еті қорғасын екен деп, одан да қол үзуге болмайды. Мейлінше, сұйық тағамды көбірек ішу керек», - дейді ғалым.

Оның айтуынша, қымызды ысытып ішу - дұрыс емес.

«Қымыздың құрамында мың сан дәрумен бар. Оның ең басты төрт ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден – қымыз құрамындағы ақуыздың «альбуминдік» сіңімді, нәзік табиғаты, екіншіден – оның құрамында трансмай қышқылы жоқ. Бұл майдың ағзаға зияны өте көп. Үшінші ерекшелігі – қымыз табиғи антибиотик. Төртінші қасиеті – ашыту процесі барысында пайда болатын вирустар мен бактерияларды жоюға қабілетті аскорбин қышқылына (С дәрумені) өте бай», - дейді ол.

Біреу айтты екен деп, қымызды ысытып ішуге болмайды. Егер, олай жасайтын болсақ, қымыздың құрамындағы мен айтып отырған дәруменнің барлығы жойылып кетеді.

«Ең дұрысы – қымызды бөлме температурасында ішу. Қымызды тоңазытқышқа қойып, салқындатуға да болмайды. Биенің сүтін сауылған бетте жылыдай ішуге болады», - дейді тағамтанушы.

Соңғы жаңалықтар