Тоңазытқыштағы сәби өлімі: Атырауда облыстың экс-бас дәрігеріне қатысты іс қаралуда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атыраудағы №2 қалалық сотында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Мәншүк Аймұрзиеваға қатысты іс қаралып жатыр. Алғашқы сот отырысы 24 ақпанда өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген режимде қаралған. Себебі басқарманың экс-басшысы Мәншүк Аймұрзиева өз кінәсін мойындап, процессуалды келісім жасауға ниет білдірді. Осыған орай оның ісі куәгерлерсіз қаралуда. Ол Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша (ауыр салдарға әкеліп соққан салғырттық) айыпталуда.

Ең алдымен, оған жаңа туған шақалақтардың өлім-жіті бойынша статистикалық мәліметтерді бұрмалады деген айып тағылуда. Зардап шегуші тарап – Атырау облысының әкімдігі. Тергеуді Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізді.

Соттың келесі отырысы 27 ақпанда жалғасады.

Еске салайық, 2019 жылдың қыркүйек айының соңында Атырау облысында Перинаталдық орталықтың бас дәрігері мен гинекологы жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Кейін Перинаталдық орталықта жұмыс істейтін 35 медициналық қызметкер өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазды.

Мәншүк Аймұрзиева елді дүрліктірген осы оқиғадан кейін былтырғы қазанда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Ол бұл лауазымға 2017 жылдың сәуірінде келген болатын. Сол жылы оның бұйрығымен облыстық перзентхананың бас дәрігері қызметіне Қуаныш Нысанбаев тағайындалған еді.



Соңғы жаңалықтар