Төлен Әбдік: Қазіргі қазақ әдебиетінде әлем оқырманына таныстыратын шығармалар жетерлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемге ұлы әдебиет ортақ. Біз сол ұлы әдебиетті жасауға тырысуымыз керек. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, әдебиет бір ұлттың аясына сыймайды. Ол – бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Мысалы, Толстой, Достоевскийлер тек бір орыс әдебиетінің өкілі деп айта алмайсың. Олардың шығармаларына әлем сусындайды. Сол сияқты Шекспир де бір ғана ағылшын әдебиетінің ауқымына сыймайды. Сондықтан, ұлы әдебиет ортақ. Біз сол ұлы әдебиетті жасауға тырысуымыз керек», - деді Төлен Әбдік Азия қаламгерлерінің І форумы кезінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Төлен Әбдіктің айтуынша, елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумы - әлем әдебиетшілерінің, жазушыларының басын қосу деген сөз.

«Жазушының мақсаты – қоғамның бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру. Ал егер адамның бойында ізгілікке деген сенім, қылмысқа деген жеккөрініш сезім болса, бірін-бірін құрметтей алса, жер бетінде соғыс та, терроризм де болмайды. Сол себепті, біз көркем әдебиетті насихаттауымыз керек. Әлем әдебиетінде пікірлесу, өз проблемаларын ортаға салу деген болу тиіс. Сондықтан, біздің Жазушылар одағы ұйымдастырып жатқан бүгінгі форум өте қажетті шара. Біз бүкіл әлемдік әдебиеттің бір бөлшегіміз. Тек қазақ халқына ғана қажеттіміз деген болмайды. Өйткені, ізгілік, адамгершілік, махаббат деген ұғымдар барлық халықта бірдей. Адамзаттық құндылықтар бәрімізді біріктіру керек», - деді Төлен Әбдік.

Жазушының айтуынша, қазіргі қазақ әдебиетінде әлем оқырманына таныстыратын шығармалар жетерлік, баршылық.

Еске салсақ, елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 3 номинанты қатысуда. Форум барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар