Төлен Әбдік әл-Фарабиге елордада ескерткіш орнатуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік Әбу Насыр әл-Фарабиге елордада ескерткіш орнатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әбу Насыр әл-Фараби – Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған адамзат тарихындағы ең ғұлама адамдардың бірі. Онымен қалай мақтансақ та артық болмайды. Сондықтан, менің ұсынысым: осы мерейтой қарсаңында әл-Фарабидің ескерткішін осы елордада орнатуға болады. Шетелден келгендер ескерткішке қарап, оны бірден танитын еді. Екіншіден, әл-Фарабидің мерейтойын ЮНЕСКО-мен қосылып өткізуге болады», - деді Төлен Әбдік Ақордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне кіргенін атап өтті.

«Парижде ЮНЕСКО-ның бас директорымен кездесіп, осы мәселенің бәрін нақтыладық. Абайдың да, Әбу Насыр әл-Фарабидің да мерейтойы, Шымкент қаласының 2200 жылдығы – бәрі ЮНЕСКО-ның қолдауы аясында өтеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалымен Ақордада бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.


Соңғы жаңалықтар