Төлеби ауданында тұратын келіншек 18 жыл азаматтық ала алмай келген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Төлеби ауданында тұратын келіншек Надира Асылова 18 жылдан бері азаматтық ала алмай келеді. Өзбекстан республикасында туып өскен ол 2003 жылы Бірінші Мамыр ауылының тұрғыны Кәмілжан Асыловқа тұрмысқа шыққан. Бүгінге дейін бес баланы дүниеге әкелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылдар бойы Қазақстан республикасының азаматы атана алмай жүрген әйел «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдауына келіп, көмек сұраған. Айтуынша, ол жиырма жылға уақыттан бері тек уақытша шетелдіктің тұру ыхтиярхатымен жүріп келген. Қазір тұңғыш перзенті 15-те болса, ең кенжесі 6 жаста.

«Енемнің көзі көрмейтіндіктен оған күтім жасаймын. Осы себепті әрі-бері шығуым қиын. Сол кісінің жалғыз зейнетақысына күн көреміз. Күйеуімнің нақты мамандығы, тұрақты жұмысы жоқ. Қай жерден уақытша қара жұмыс шықса, сонда барып азын-аулақ нәпақа табады», - дейді Надира Асылова.

Облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібаймен кездесуі барысында ол өз тағдырын баяндап өтті. Халық қалаулысына Қазақстанның азаматтығын алу үшін Надира көп сабылғанын айтқан. Жергілікті ішкі істер органдарының қызметкерлері Өзбекстанның елшілігіне сілтеген деп отыр. Ол жақтағылар тиісті құжаттарды жинау қажеттігін алға тартқан. Қысқасы, қанша әрекеттенсе де нәтиже шықпаған.

Н.Асылованың айтуынша, азаматтығы болмаған соң 5 баласына мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнің барлығынан қағылған. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалының заңгер-кеңесшісі Жанар Жұмағұлқызы Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамның азаматтық алуға құқылы екені заңнамада көрсетілгенін жеткізді. Сондықтан бес перзенті бар келіншекке мәслихат депутаты мен партия өкілдері бірлескен түрде көмектесетін болды.

«Қазір осы мәселені жан-жақты зерттеуге кірістік. Аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметімен байланысқа шығып, ондағы қызметкерлер жәрдем беруге дайын екенін білдірді. Көп жылдан бері азаматтық ала алмай келе жатқан әйелдің шаруасы оңтайлы шешілуіне ықпал етіп, бақылауда ұстайтын боламыз»,- деді депутат Ғалымжан Елшібай.


Соңғы жаңалықтар