Төлеби ауданында сел шайып кеткен 42 үй қайтадан тұрғызылып жатыр

None
None
ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев табиғат апатынан зардап шеккен Төлеби ауданын аралап, тұрғындармен тілдесті. «Алатау» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысын қадағалап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауданда селден зақым келген 42 үй қайта салынуда. Оның 8-де шатыры жабылып, есік-терезелері орнатылған. Қазір ішкі электр желісін өткізу мен сылақ жұмыстары жүргізілуде.

Құрылысшылар сондай-ақ қалған 32 үйдің шатырын жабуға кіріскен. Тағы екі үйдің қабырғасы қаланып жатыр.

Аймақ басшысы сапар барысында баспаналарына зақым келген Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласы мен Киелі тас ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккендердің жартысына жуығы - көпбалалы отбасылар.

Кездесу барысында барлығы да атқарылып жатқан жұмысқа ризашылығын білдірді.

Өмірзақ Естайұлы өз тарапынан мердігер компания өкілдеріне үйлердің сапалы жүргізілуін тапсырып, тұрғындардың барлық жағдайы ескерілуі керектігін баса айтты.

Еске сала кетейік, 13 мамыр күні нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйлердің ауласына су кірген болатын.

Таулы аймақтарда жүрген селден үйлер мен жолдарды су шайып, бірнеше көпір қираған еді. Арнайы комиссия құрылып, сел салдары шұғыл түрде жойылды.




Соңғы жаңалықтар