Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына шетелден көрермен кіргізілмейді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Жапония билігі Токио қаласындағы жазғы Олимпиада ойындарын шетелдік көрерменсіз өткізу шешімін қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жапонияның Kyodo News ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметі бойынша, Токиода 2021 жылдың жазында өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына шет мемлекеттерден көрермен кіргізілмейді. Жапония билігі бұл шешімді коронавирустың таралу қаупіне байланысты қабылдап отыр.

«Үкімет жапон қоғамының алаңдаушылығы мен көптеген елдерде індеттің бұдан да жұқпалы нұсқаларының анықталу фактісін есепке ала отырып, шетелден жанкүйерлерді қабылдау мүмкін емес деп шешті», - деп жазады агенттік.

Еске сала кетсек, Токиода жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.


Соңғы жаңалықтар