Тоқаев: Ұлттық кеңес қоғам өкілдері мен сарапшылардың жабық клубы емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің төртінші отырысында еліміздің одан ары қарқынды дамуы үшін жаңа тәсіл, тың серпін қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам өкілдері мен сарапшылардың жабық клубы емес. Бұл ұдайы жаңарып отыратын ашық диалог алаңы. Мұнда түрлі ұстаным мен көзқарас тұрғысынан сан алуан пікір айтылады. Ротацияның негізгі масқаты да осы. Ұлттық кеңесте бәтуаға келу қағидатымен өткір мәселелерге деген сындарлы көзқарас орныққан. Бұл – біздің қоғамдағы өзара пікір алмасу мәдениетінің айқын көрсеткіші әрі еліміздің тұрақты дамуының маңызды факторы. Індеттен туындаған дағдарыс пен әлемдегі күрделі ахуал кезінде еліміздің оданы ары қарқынды дамуы үшін жаңа тәсіл, тың серпін қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президенттің айтуынша, биылғы Жолдауда барлық мәселе ашық айтылып, оны шешудің нақты жолдары ұсынылған.

«Мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту идеясы – Жолдаудың негізгі өзегінде тұрған мәселе. Жалпы мемлекеттік басқарудың жүйесін реформалау – өз алдына кең ауқымды міндет. Тіпті бұл барлық реформалардың қайнар көзі. Мемлекетті жаңғыртудың басты арқауы десек артық емес. Біз бұл реформаны мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру ісінен бастауды ұйғардық. Осы мақсатпен стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Агенттік өз жұмысын бастап та кетті. Бірақ мына нәрсені дұрыс түсіну керек. Жаңа агенттік алға қойлыған міндеттерді шешуге арналған негізгі құрал», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар