Тоқаев Үкіметке ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлы көштің басталуына жол ашқан датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың өз атажұртына оралу мәселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соның нәтижесінде 1,5 млн-нан астам қазақ тарихи отанына оралғанын атап өтті.

«Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар