Тоқаев түркі елдерінің жасыл облигацияларын «Астана» қаржы орталығына шоғырландыруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасыл облигацияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығына шоғырландыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 жылда дүние жүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті. Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты. Бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын. Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз. Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір әлемде сутегі энергетикасының маңызы артып келе жатқанын атады.

«Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды. Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар