Тоқаев тізгін ұстаған екі жыл: Реформалар, Ұлттық кеңес, пандемиямен күрес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың 12 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті ретінде қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қазақстанның мүддесін қалтқысыз қорғап, қоғамның бірлігін және әрбір азаматтың құқығын қорғауды қамтамасыз етуге серт берген болатын.

Мемлекет басшысы жұрт алдындағы алғашқы сөзінде өзі қолға алатын мынадай негізгі бағыттарды атап өтті:

халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл;

сот-құқықтық реформа;

әділ әлеуметтік саясат;

тұрғын үй тапшылығын шешу;

өңірлерді дамыту;

теңгерімді және көпвекторлы сыртқы саясат;

жастарды қолдау.

Жаңа Президент өз жұмысында сабақтастықты сақтайтынын, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын жалғастыратынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы алғашқы қадамдарының бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Оның құрамына қоғамда беделі бар, аузы дуалы адамдар кірді. Бүгінде бұл ұйым мемлекет пен қоғам арасында диалог құрудың пәрменді тетігіне айналды. Кеңес отырыстарында ең өзекті деген мәселелер, соның ішінде елді саяси жаңғыртуға қатысты мәселе ашық талқылануда. Осы талқылаулардың нәтижесінде маңызды заң жобаларын әзірленіп, олардың тоғызы қолданысқа енді.

Әуел баста Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың үш пакетін кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы жоспарын жариялады. Ұлттық кеңестің 2019 жылдың желтоқсан айында болған алғашқы отырысында сол реформалардың бірінші пакеті пысықталып, кейін іске асты. Атап айтсақ, саяси партиялар құру және тіркеу жолындағы кедергілер екі есе азайды. Партиялардың сайлау тізімдерінде жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота енгізілді, парламенттік оппозиция институты енгізілді.

Бірінші пакет шеңберінде Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыстық сипаттан арылту және 174-бабын ізгілендіру қолға алынып, бейбіт жиындар мен митингілер туралы демократиялық заң қабылданды. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші қосымша хаттамасына сәйкес өлім жазасы жойылды.

Саяси реформалардың екінші пакеті 2020 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында жария етілді. Бұл пакетте 2021 жылдан бастап төменгі буындағы әкімдерді тікелей сайлауға көшу және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы мен «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу көзделген.

Сондай-ақ, Президент онлайн-петициялардың бірыңғай институтын құруды тапсырды. Азаптауларға қарсы күрес және адам саудасы, азаматтарды кибербуллингтен қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарлау рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамасына қосылу туралы тапсырмалар берілді.

Үшінші пакетке енген реформалар елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау жүйесін жақсарту мәселелері Мемлекет басшысының үнемі назарында.

Сайлау заңнамасына да бірқатар тың түзету енгізіліп отыр. Мәжіліске саяси партиялардың өту шегін сайлаушылар дауысының 7-ден 5 пайызына дейін төмендету ұсынылды. Бұл көптеген партия мүшелерінің депутаттар қатарына өтуіне жол ашады және Парламентте халықтың түрлі жіктері мен топтарының пікірін білдіру мүмкіндігін кеңейтеді. Бюллетеньдерге «бәріне қарсы» деген баған қосылады. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл жаңалық саяси партиялардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Әкімдерді тікелей сайлау тәжірибесі де алғаш рет кең ауқымда қолданысқа енгізілгелі жатыр. Сондай-ақ, ҚР Президенті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жеке заң қабылдап, омбудсмен аппаратын нығайтуды, оның өңірлерде өкілдіктерін құруды тапсырды.

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының үш пакеті адам құқықтарын қорғау, мемлекетті басқаруға азаматтық қатысуды кеңейту, парламентаризмді дамыту және елді одан әрі демократияландыруға ықпал ету сияқты мәселелерде Қазақстанды барынша ілгерілетпек.

Мемлекет басшысының мектеп мұғалімдеріне, сондай-ақ ЖОО мен колледж оқытушыларына деген қамқорлығы да елдің есінде. Бұл білім беру сапасын көтерудің, сол арқылы жаһандану жағдайында қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жалпы бағытымен сәйкес келеді. 2019 жылдың тамыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысы төрт жыл ішінде екі есеге артатынын мәлімдеді. Ал мұғалімдердің жалақысы ондаған жылдар бойы көптеген басқа салалардағы қызметкерлердің жалақысынан төмен болып келгендігі шындық. Президенттің бұл шешімін бүкіл қоғам оң қабылдады.

Мамыр айында президенттік жастар кадр резервіне екінші рет қабылдау жарияланды. Алғашқы конкурстық іріктеу 2019 жылы өткен болатын. Қазірдің өзінде іріктелген 300 жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда жауапты орындарда қызмет етіп жүр. Бұл игі бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде алғаш рет көтерген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің алғашқы екі жылы тосын оқиғалармен де есте қалды. 2019 жылғы маусымда Мемлекет басшысының төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізіп, зардап шеккен тұрғындармен оқиға орнында кездесуі, оның тікелей тапсырмалары тұрғындардың көңілін жайландырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық тапсырмалары нақты орындалып, Арыс қаласындағы өмір тез қалпына келді. Қаладағы тұрмыс та қайтадан өз арнасына түсті.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық лауазымды тұлғаларды әлеуметтік желіге әкелді. Бұл істе Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі шенеуніктерге өзі үлгі болып келеді. Мемлекет басшысы жыл сайын Twitter мен Instagram-да жүздеген хабарлама жариялап келеді. Осынау қысқа мәлімдемелерінің өзі көптеген мәселенің түйінін тарқатуға себепкер болды. Ақмола облысындағы Көбейтұз көліндегі бейберекет сейіл Президент назар аударғаннан кейін ғана тыйылғаны ел есінде. Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығында салынуы тиіс туристік нысанның айналасындағы даудан бастап, Алматыдағы ағаштарды заңсыз кесу оқиғасына дейін президент назарынан тыс қалған жоқ. Президент көңіл аударғаннан кейін жергілікті әкімдіктер өз шешімдерін халықтың талап-тілегін ескере отырып, үніне құлақ асу арқылы қайта қарады.

2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан тараған COVID-19 вирусы Қазақстанға 2020 жылдың наурыз айында жетті.

Елдің амандығын бірінші орынға қойған Мемлекет басшысы оқиғаның өрбуіне қарай қажетті шешімдерді дер кезінде қабылдап отырды. Вирус жұқтырудың бірнеше жағдайы анықталғаннан кейін кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды, сауда орталықтарындағы ойын бөлмелері жабылды, жұмыс берушілерге кеңселер мен өндірістік үй-жайларда жұмысшылардың қатысуын барынша азайту ұсынылды. 16 наурыздан бастап мектеп оқушыларын мерзімінен бұрын демалысқа жіберілді, ал студенттер қашықтан оқытуға көшті. Барлық бұқаралық іс-шараларға, тіпті дәстүрлі Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарының сол кезде коронавирус бойынша қолайсыз елдерге шығуына тыйым салынды.

20 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы елге үндеу жариялап, Үкімет деңгейінде арнайы сараптамалық штаб пен ведомствоаралық комиссия құрғанын, вирустың таралуына қарсы іс-қимыл жоспарын қабылдағанын мәлім етті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған коронавирустық пандемия қауіпті деңгейге жетті. Сондықтан қазақстандық заңнама бойынша мен еліміздің аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Төтенше жағдай режимі 2020 жылғы 16 наурызда таңғы сағат 8 - ден бастап қолданылады және 30 тәулікке созылады. Қажет болған жағдайда режимнің қолданылуы ұзартылуы мүмкін», – деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі аясында енгізілген шектеулердің халықтың тұрмысына әсерін де ескеріп, экономикалық мәселелерге тоқталды.

«Шын мәнінде, әңгіме бүкіл әлемдік экономикалық жүйені қайта форматтау туралы болып отыр. Қазақстан осы үлкен дағдарыстың салдарын сезінуде. Бірақ, экономикалық катаклизмдерге қарамастан, біз әлеуметтік шиеленістің, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қолданамыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің халықаралық резерві 90 миллиард долларға жуықтады. Бұл біздің экономикамыздың тұрақтылығын сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың маңызды кепілі», - деген болатын Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет шығыстары халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау үшін аса маңызды бағыттарға қайта бағдарланатынын айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін 300 миллиард теңге бөлу, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту қолға алынды. Президент Үкіметке және әкімдерге бағаны қолдан көтермеуді тапсырды.

ҚР Президенті «Мемлекеттің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар турал» арнайы Жарлыққа қол қойды, бұл мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға, биліктің вертикалын нығайтуға және дағдарыс жағдайында, оның ішінде салық саласында барлық қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік берді. Жарлық дәрі-дәрмектер мен басқа да құралдарды жеңілдетілген тәртіппен, негізінен отандық өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік берді.

Халықты инфекциядан қорғауды қамтамасыз етуге, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған барлық іс-шаралар БАҚ-та кеңінен жарияланды. Еліміздің ең үлкен қалалары ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар жедел салынғанын ерекше атауға болады. Инфекциялық және карантиндік ауруханаларда төсек-орындардың үлкен резерві құрылып, дәрілік заттардың қажетті қорлары жинақталды. Бастапқы кезеңде әскери дәрігерлер де коронавируспен күреске тартылды. ҚР Президентінің өкімі бойынша шектеулерге байланысты қиындықтарға тап болған 4,5 миллионнан астам қазақстандық 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер алды. Бір миллионнан астам адам азық-түлік көмегіне қол жеткізді. Екі миллионға жуық қазақстандықтың несие төлеу уақыты кейінге қалдырылды. Ал екінші деңгейдегі банктер мен даму институттары бизнеске несие беру көлемінің төмендеуіне жол бермеу туралы нұсқаулар алды.

Барлық қабылданған шаралардың арқасында елімізде тәртіп сақталып, науқастар білікті медициналық көмек алды. Сол кезде емдеудің ең тиімді хаттамалары әзірленбегеніне қарамастан, көптеген адамдардың өмірі құтқарылды. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне жұқтыру қаупіне байланысты үстемақы төленді. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап халықты импорттық вакциналармен вакциналау басталды. Онымен қоймай отандық вакциналарды әзірлеу жұмыстары сәтті жүріп жатыр.

Осы аптада шыққан «Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралар туралы» Президент Жарлығына қазақстандық сарапшылардың көпшілігі оң баға беріп отыр. Құжат мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған қазіргі процестердің катализаторына айналады деген пікірлер айтылды. Мәселен, Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комиссияның басшысы Вениамин Алаев Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларына баса назар аударылғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің екі жылын саясаттанушылар мен сарапшылардың көпшілігі мемлекет саясаты тұрақтылық пен демократияландырудың, құқық үстемдігіне қадам басудың жылы деп бағалады. Бұл – сабақтастық пен айқындықты сақтай отырып, әділ азаматтық қоғамға және тиімді, ашық мемлекетке ұмтылудан туған шаралардың жемісі.

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов Мемлекет басшысы сайланғаннан бері Қазақстан экономикалық қуатты, демократиялық дамыған және әрбір азаматтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға бел буғанын атап өтті.

«Қазір біз осы жолмен жүреміз деп айтуға болады, Оны енді тоқтату мүмкін емес. Біз бүкіл қоғамның мүддесі үшін дамуға жаңа серпін беруге тиіс қажетті саяси реформаларды жүзеге асырамыз. Мемлекет басшысы қалыптастырған берік іргетастар мен прогрессивті құндылықтар, дәйекті реформалар мен сапалы қайта құрул шаралары экономикасы қуатты, әлеуметтік әділдік сақталатын және ашық қоғам құру жол ашып отыр. Ең бастысы, бұл саясатқа балама да, кері де жол жоқ. Бұл жалпыхалықтық консенсусқа негізделген саналы таңдау», - деп атап өтті Марат Бәшімов.


Соңғы жаңалықтар