Тоқаев егемендігімізді көздің қарашығындай сақтауға қауқарлы тұлға - Әділ Ахметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздің ішкі әрі сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегін әлем қауымдастық жақсы біледі. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының бүгінгі съезінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Елбасы, өткен айда жариялаған тарихи үндеуіңізде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты билік тізгінін ұстауға ең лайықты тұлға деген едіңіз. Енді міне, бүгінгі съезде де сол пікіріңізді нықтай түсіп, алдымызда келе жатқан президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан ұсынылатын бірегей кандидаттың сол тұлға екенін түбегейлі айшықтап, халықтың көкейіне қонатын ұстаным көрсеттіңіз. Бұл қадамыңызды съезд делегаттары ғана емес, халқымыз да, БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар да қолдайтыны күмәнсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіңізбен ширек ғасыр үзеңгілес бола жүріп, еліміздің ішкі әрі сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегі мен дипломатиялық аренадағы салмағын әлем қауымдастығы да өте жақсы біледі», - деді Әділ Ахметов Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда ол Қ. Тоқаев қай лауазымда болса да, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің үлгісін танытып келе жатқанын атап өтті.

Ә. Ахметовтің пайымынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сомдаған ел бірлігі мен тұтастық туын түзу ұстап, қасиетті де, қастерлі егемендігімізді көздің қарашығындай сақтайтын, еліміздің абыройын асқақтатын биік парасатты Президент болуға қауқарлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Елбасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясынан алдағы сайлауға ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынды.

Осы орайда Қ. Тоқаев үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратын жұмсайтынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар