Тоқаев әскерилердің БҰҰ бітімгерлік операциясына қатысу Жол картасын әзірлеуді міндеттеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлеу керек. Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы Бас қолбасшы армияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен әскери жаттығуларда қазақстандық әскерилер жоғары дайындығын көрсетіп, бітімгерлік миссияларға қатысуға әзір екенін атап өтті. Осыған орай Қорғаныс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2021 жылдың 1 тамызына дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді міндеттеді.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Бейрут портындағы жарылыстың салдарын жою кезінде Ливан халқына көрсеткен көмегі үшін Қарулы күштердің әскери дәрігерлеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарған барлық әскери қызметшілерге алғыс айтты.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.


Соңғы жаңалықтар