Тоғыз айдағы қорытынды: Жамбыл облысының экономикасы 2,3 пайызға артты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігінде өңірдің биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері экономиканың тұрақтылығы сақталып тұрғанын баса айтты. Аграрлық секторды қоспағанда, барлық салалар бойынша көрсеткіштер республикалық деңгейден жоғары.

Баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалардағы жұмыстарға тоқталып өтті.

Айталық, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 3,8 пайызға өссе, экономикалық өсім 2,3 пайызды құрады. 433,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл жоспардан 9,5 пайызға жоғары. 230,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2 пайызға жеткен.

Сонымен бірге инфляция деңгейі 4,8 пайызды, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер республикалық деңгейден сәл төмен.

Тиімді экономиканың маңызды шарты – инвестиция тарту. Алайда, бірқатар аудан әкімдіктері бұл бағытта әлсіздік танытуда.

«Бұл, әсіресе Жуалы, Рысқұлов және Жамбыл аудандарының әкімдеріне қатысты. Жыл басынан бері олар бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбаған», - деді аймақ басшысы.

Құрылыс индустриясы өңірдегі маңызды сала болып қала бермек. Бұл бойынша жыл соңына дейін жалпы құны 52,3 млрд теңгені құрайтын 221 жоба жүзеге асырылады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 38,1 пайызды құрайды. 2597 жеке тұрғын үй және 986 пәтер салынды. Облыс бойынша 32740 тұрғын коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 47,1 пайызы әлеуметтік осал топтардың өкілдері болса, 13,1 пайызы көпбалалы отбасылар.

Алдағы жылы кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 24,9 млрд теңге қарастырылатын болады. Оның 17,5 миллиарды – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, 5,9 миллиарды – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінсе, қалған 0,9 миллиарды - жатақханалар салуға арналмақ. Бұл 2021 жылы тұрғын үй қорын 3766 пәтерлі 65 көпқабатты үйге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін 3181 пәтерлік 55 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Әлеуметтік саладағы, әсіресе денсаулық сақтау ісіндегі жағдай да назар аударарлықтай. Айталық, балалар өлімінің, туберкулез және қатерлі ісіктің әр түрлі түрлерінің төмендеуі секілді кейбір индикаторларды орындаудың оң тенденциялары байқалады. Дегенмен, ана өлімінің өсу тенденциясы сезіледі.

Жалпы өлім-жітімді төмендету жолында скринингтік жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, тәжірибелі медициналық қызметкерлерді тарту, қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен толық және уақытылы қамтамасыз ету маңызды екендігін айтпасақ та түсінікті.

Сондай-ақ, кеңесте Жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылуы, ішкі және жастар саясаты, тілдерді дамыту, спорт мәселелеріне қатысты жұмыстар да тыңдалды.

Агросалада есепті кезеңде өндірілген өнім көлемі ақшалай түрде 273 млрд теңгені құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары.

Тиісті кезеңде 22,5 млрд.теңге инвестиция тартылып, жоспар 103,9 пайызға орындалған. Мал саны 5,3 пайызға өсті. Егіс алқабы да ұлғаюда. 359,3 мың гектардан 817 мың тонна астық жиналды, әр гектардан 22,7 центнерден өнім алынды.

Өз орынбасарларының баяндамаларын тыңдаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жиналғандардың назарын өзекті мәселелерге аударып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.


Соңғы жаңалықтар