ТМД елдері арасында ұрланған көліктерді қайтарудың жолы жеңілдетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы келісіміне сәйкес, елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір азаматтар заң бұзушылықтар жасайды. Мысалы, 2005 жылдан бастап, осы кезге дейін ұрланған 223-тен астам көліктің тек 30 пайызы (66 көлік) елге қайтарылды. Өйткені, сұрау салу нормаларында кемшіліктер бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ғана ай беріледі. Сондықтан сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет.

Сонымен қатар, хаттамада:

- жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру;

- кеден органдарымен ақпарат алмасу;

- 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекетте қалдыру мәселелері қарастырылған.

«Еуразиялық Экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер арасында ортақ кедендік шекара бар. Көліктер тексерілмейді. Сондықтан осы көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін бұл хаттама қажет.

Өткен жылдың сәуір айында осы заң жобасы Парламентте қаралған болатын. Бірақ бір норма кірмей қалғандықтан, кері қайтарылды. Халықаралық шарттарға сәйкес, Хаттаманың 1-ші бабы, 5-ші тармағы, е) тармақшасындағы норманы заң жобасына кіргізу қажет болды.

Ол жерде мына мәселе айтылған: «Біздің мемлекетте шекарадан өтетін көліктер туралы ақпараттық деректер базасы жоқ. Сондықтан бұл норма Қазақстанға қолданылмайды». Осы ескертпені заң жобасына кіргіздік. Бүгінде барлық нормалар халықаралық «Вена конвенциясына» сәйкес келтірілді», - деді министр.

«Бүгінде Тәуелсіз мемлекеттер достастық елдерінің арасында автокөліктерді ұрлау проблема болып тұр. Осы келісімді бекіту - азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдетеді. Осы Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.


Соңғы жаңалықтар