Тілшілер сауалы мен Цойдың жауабы: Коронавирус жайлы соңғы жаңалықтар легі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейінгі кезде тілшілердің көп күткен спикері кім десеңіз, ол – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еді. Өткен айда журналистердің алдына бір шығып, кейін көрінбей кеткен министр бүгін Орталық коммуникациялар алаңына келді. Министрге сұрақ қоюға 30 тілші жазылған екен. Екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында Алексей Цой мен орынбасары Ажар Ғиният, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова тілшілердің барлық сұрағына жауап беріп тарқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қатаң карантин енгізіле ме?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы 10 минуттық баяндамасында Қазақстанда коронавирус бойынша тестілеуден өткізу қуаттылығы тәулігіне 90 мыңға жеткенін мәлім етті. Айтуынша, коронавирус инфекциясын анықтау мақсатында бұған дейін 4 миллионға жуық зерттеу (тест) жүргізілген. Қазір күн сайын зертханалар 40 мыңға тарта адамды коронавирус инфекциясы бойынша тестілеуден өткізіп жатыр.

Жалпы, 27 қарашадағы жағдай бойынша, республикамыз орташа қауіпті аймақта тұр екен. Қауіпті бес өңірге қатаң шектеу шаралары енгізілген. Олар: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары. «Сары аймақтағы» Алматы қаласында да вирус жұқтырғандар өсіп барады. Әйтсе де, қалған «жасыл аймақтағы» өңірлерде де коронавирус жағдайлары тіркелуде. Республикада қазан айымен салыстырғанда қарашада КВИ-ге шалдыққандар 3,7 есе өскен. Жаңа туған 124 сәби коронавирусты анасынан жұқтырған. Еліміздегі барлық жағдайдың 70 пайызы – «қызыл аймақта» тұрған бес өңірге тиесілі.

«Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақстанда карантин шараларын желтоқсан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз. Ең бастысы – жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 пайызға, жансақтау төсектері 17 пайызға жүктелген. Яғни, резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда», - деді Алексей Цой.

Министрлік пен өңірлердің коронавирус бойынша статистикасы неге сәйкеспейді? Президенттен бастап қоғам өкілдері тарапынан министрлікке осы сұрақ кейінгі кезде жиі қойыла бастаған еді. Бұл сұрақтың нақты жауабын баспасөз мәслихатында министр бергендей болды. Тіпті бұл олқылыққа жол берген жауапты мамандар да жазаланған көрінеді.

«Өңірлердің статистикасы туралы айтар болсақ, бұл жағдайдан хабарымыз бар. Аталмыш мәселені реттеу үшін біздің арнайы бригадалар мен мониторингілік топтар аймақтарға барып, жергілікті жердегі жағдайларды өз көзімен көрді. Мәліметтің кейде расында да тіркеліп (қате тіркеліп) жатқанын көріп, себептерін анықтадық. Мұндағы басты себептердің бірі – зертханалардың толық интеграциясының болмауы. Яғни жеке зертханалардың бір бөлігі бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілмеген. Кейінгі кезде бұл бағыттағы жұмысты реттеп, жеке зертханалар бірыңғай ақпараттық жүйеге кіріктіріле бастады», - деді Алексей Цой.

Министр сонымен қатар кейбір медициналық ұйымдар мәліметтерді кешігіп берудің салдарынан осындай олқылықтар орын алғанын айтады.

«Осы мәселелердің бәрін талдап, жергілікті жерлердегі жауапты азаматтарға әкімшілік сөгіс берілді. Бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда тұр», - деді ол.

Неліктен ресейлік вакцинаға басымдық беріліп отыр?

Баспасөз мәслихатында вакцинаға қатысты сауал бірнеше тілшіден түсті. Министрдің сөзінше, коронавирусқа қарсы отандық вакцина желтоқсанда клиникалық сынақтың екінші сатысынан өтеді. Жалпы Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны жасау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Біз бұл бағытта ресурстарымызды барынша пайдаланып, нарықта қолжетімді вакцина жасауға ұмтылудамыз. Тіркелгенін жариялаған алғашқы вакцина – ресейлік вакцина болды. Мемлекет басшысы Қазақстанда осындай зауытты салып, өндірістік қуаттылықты жолға қою тапсырмасын жүктеген болатын. Бұл өте маңызды шаруа. Себебі халықтың вакцинаға қолжетімділігін жолға қоюуымыз керек. Зауыт салынатын алаң айқындалуда. Зауыт қазіргі фармацевтикалық зауыттардың жанындағы алаңдарда салынуы мүмкін. Қазір бұл мәселені ресейлік әріптестермен талқылау үстіндеміз», - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, ресейлік вакцина сынақтың үшінші сатысында тұр.

«Ресейлік әріптестеріміз вакцина сынағының қорытындысын таяуда жариялауға уәде беріп отыр. Бұл вакцинаның алғашқы және екінші сатысы оң нәтижесін көрсеткен. Қазіргі уақытта – ресейлік вакцинаны әлеуетті вакцинаның бірі ретінде көріп отырмыз», - деді ол.

Алексей Цой әзірге әлем елдерінде жасалып жатқан басты 10 үміткер-вакцина барын айтады.

«Вакцина сынақтың 1-2-інші сатысынан өткен кезде дені сау еріктілер таңдалып алынады. Олар - 18 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар. Зерттеулер осы топтағы азаматтарға жүргізіледі. Кейінірек тестілеудің үшінші сатысында айғақтар артып, тестілеу кеңірек топтарға жасала бастайды. Біздің елде көпфункционалды зауыттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Коронавирусқа ғана қарсы емес, басқа вакциналарды да өндіру мүмкіндігіне ие болуымыз керек. Бізде мұндай өндіріс әлі жоқ», - деді министр.

Қауіп сейілген жоқ

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда соңғы айда 747 медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын айтады. Яғни қауіпті аурудың соққысын пандемия басталған алғашқы кезеңдегідей ақ халатты абзал жандар қабылдап жатыр.

Алексей Цой да әріптесінің сөзін растады.

«Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Ауруханаларда да, емханалар да екі айлық қор жеткілікті. 2020 жылғы 18 қыркүйектен бастап дефицит жағдайында дәріханаларға тарату үшін 10 миллион медициналық маска сатылып алынды», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Министр жергілікті атқарушы органдар жеке қорғаныс құралдарының үш айлық қорын сатып алып қойғанын хабардар етті. Оған қосымша 400 мыңға тарта бір реттік қорғаныс костюмінің резерві жиналған. Олардың бәрі де «СК-Фармация» ЖШС хабтарында сақтаулы тұр.

Министр сөз соңында алдағы мерекелерді отбасымен өткізуге шақырып, көпшілік болып жиналмауға үндеді.


Соңғы жаңалықтар