«Тіл шебері»: Үш тілді меңгерген үздіктер анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тіл шебері» республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба үміткерлерді құттықтап, мемлекеттік тілдің мәртебесіне айрықша тоқталды.

«Шет елдермен халықаралық байланыс артқан сайын, көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі де күн тәртібіне шыға береді. Бұл байқаудың басты мақсаты - жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді жастарды анықтап, қолдау көрсету. Бірақ, бір нәрсені баса айтқым келеді, ана тілің әрқашан биікте тұруы керек. Өйткені, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Ғалымдардың есептеуінше, әрбір он төрт күн сайын бір тіл жоғалып отырады екен. Сырттан ешкім келіп, тыйым салып жатқан жоқ. Қолданыс аясы кемігендіктен өрісі тарылады. Сол секілді күнделікті тұрмыста қазақ тілін екінші кезекке ысыра берсек, қолданыстан еріксіз шығатын сөз қатары көбейе береді. Сондықтан, ана тіліміздің абыройын асқақ алып жүріңіздер», - деді ол.

Жастар додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысты.


Байқаудың әр кезеңіне кәсіби сараптама жасап, баға беру үшін құрылған қазылар алқасы талантты жастар қатары өсіп келеді жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, жарысқа түсушілер ағылшын тілін жақсы меңгерген, ал ана тілінде эссе жазу барысында шұрайлы ойын шырайлы етіп анық бейнелей білді.

Шара модераторы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық жастармен экспресс-сұқбат ұйымдастырып, олардың еліміздегі тілдік ахуал бойынша өзара пікір алмасуға мүмкіндік жасады. Ара-арасында өнерге кезек беріп отырды. Мұның бәрі сайыстың тартымды, өзара тығыз байланысты өтуіне әсер еткені сөзсіз.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлде мен 300 мың теңгені қостанайлық Сүлеймен Кеулхосов қанжығасына байлады. Бірінші орынға Алматы қаласынан Абзалбек Әділхан ие болып, 250 мың теңге сыйлық алды.

Екінші орын мен 150 мың теңге сыйлық Алматы облысының жас тұрғыны Қанат Жақсыбаевқа бұйырды. Үшінші орынды Шымкент қаласынан Ақерке Бекболатова мен Қарағанды облысынан Әмірхан Оралбеков бөлісіп, әрқайсысы 100 мың теңгеден сыйлыққа ие болды.

Жүлделі орынды иемденгендерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің дипломы табысталды.

Бұдан басқа, белсене қатысқаны үшін Ақтөбе облысынан Қартжан Нарқозы Есенкелдіұлы, Павлодар облысынан Мусина Мақпал Еркінқызы, Жамбыл облысынан Сәрсенбаев Алдияр Бауыржанұлы 50 мың теңге сыйлық және Алғыс хатпен марапатталды.

Қалған қатысушылар Алғыс хатқа ие болды.


Соңғы жаңалықтар