TiJi телеарнасының кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлей бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияның «TiJi» балалар телеарнасының кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сейсенбі күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровтың қатысуымен «TiJi» балалар теларнасының қазақ тіліндегі аудиожолағының таныстырылымы өтті. Бұл жобаның жүзеге асырылуына 2021 жылы Аида Балаева бастамашылық еткен болатын.


Шараға «Groupe M6» компаниясының телеарналар мен радиостанциялар портфелін халықаралық дистрибуциялау жөніндегі директоры Жан-Рене Окутюрье, «Лти Восток» ЖШС бас директоры, Халықаралық дистрибуция жөніндегі директор Мария Жабина-Пантелик және Қазақстан Республикасындағы Франция елшілігінің кеңесшісі Алекс Бортолан қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, балалар телевизиялық контентін өндірушілерді таңдау кезінде балалар телеарналарының осындай жобаларды іске асырудағы тәжірибесі және хабар тарату тілдерінің саны ескерілген. Мәселен, «TiJi» арнасының 20 елде 14 түрлі тілде хабар тарату тәжірибесі бар. Телеарнаның негізгі миссиясы – 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қамтамасыз ету.


Кездесуде Асқар Умаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағанын атап өтіп:

«Қазіргі ақпараттық ғасырда балалардың қарым-қатынас ортасын қалыптастыруда мультфильмдердің ықпалы зор. Осыған байланысты Министрлік әлемге танымал мультипликациялық балалар арналарын қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жобаны іске асыруда. Бұл балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуге септігін тигізетініне сенімдімін», - деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде Жан-Рене Окутюрье қазақ тілінің шұрайлығын атап өтті.

«Қазақ тілі – өте бай тіл. Оны насихаттау мақсатында қазақстандық балалар үшін арна құруға және қазақ балаларына олардың мемлекеттік тілінің дамуына ықпал ететін ойын-сауық және білім беру контентін қалыптастыру бойынша бірлескен бұл жоба – бізді осынау игі іске ынталандырды», -деді Жан-Рене Окутюрье.

Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі «TiJi» аудиожолағы төмендегі операторларда қолжетімді: Алма ТВ, TV Commerce, Қазақтелеком, Фермата ПРК, Қайнар Медиа (Талдықорған қаласы), Тералайн (Нұр-Сұлтан қаласы), ТТК (Теміртау қаласы).


Соңғы жаңалықтар