Тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшеміз - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мектеп сүті» мен «Мектеп алмасы» сияқты бағдарламаларды енгізу керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Жобалық офис арқылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сатып алудағы жергілікті қамтудың нақты пайызы талқылануда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, әскер және басқа да мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар отандық тамақ өнімдерін және тамақтандыру қызметтерін қазақстандық қамту шартымен сатып алуы тиіс. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау және дұрыс тамақтану мен салауатты ұлт қалыптастыру мақсатында «Мектеп алмасы», «Мектеп сүті», «Мектеп балы» сияқты бағдарламаларды енгізу керек», - деді министрі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласына 5 жылда 4,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Оған сәйкес, биылдың өзінде салаға 559 млрд. теңге инвестиция тартылатын болады, бұл ретте 94 жоба іске асырылады.

«Трансұлттық компанияларды қоса алғанда, ірі инвесторлар тартылатын болады. Бұл елге шетелдік инвестицияларды тартып ғана қоймай, сонымен бірге озық технологияларды, әлемдік нарықтағы сауда байланыстарын тартуға, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және 12 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қойылған міндеттерді сапалы шешу үшін тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынамыз. Айта кетерлігі, барлық өзгерістер бұдан бұрын қабылданған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын болады», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, бұл құжатта әуел баста-ақ өсімдік шаруашылығында 2019 жылдан бастап, мал шаруашылығында 2020 жылдан бастап тауарлық-спецификалық субсидиялардан арылу көзделген болатын.


Соңғы жаңалықтар